«Самұрық-Қазына» наразылықтар мен ереуілді азайту үшін омбудсмендер қызметін жетілдіруге ниетті

Жарияланды

Астанада «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғамдық кеңесінің отырысы болып өтті, онда Қор кәсіпорындардағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға және корпоративтік Омбудсмендер институтының қызметіне байланысты жұмыс нәтижелері туралы есеп берді.

Болат Жәмішев бастаған Қоғамдық кеңес алдында Қордың Омбудсмені Серікбай Тұрымов жұмыстың аралық қорытындылары жөнінде сөз сөйледі. Ол корпоративтік омбудсмендер институтының мәні туралы, сондай-ақ портфельдік компаниялардағы әріптестерімен өзара іс-қимыл нәтижелері туралы әңгімелеп берді. Бүгінгі таңда олардың тоғызы – «Самұрық-Энерго» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ, «KEGOC» АҚ және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-да жұмыс істейді. Осы жылдың наурыз айында «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Омбудсмені болып тағайындалғаннан бері Серікбай Тұрымов консультативтік-кеңесу органы – Омбудсмендер кеңесін құруға бастамашы болып, бірнеше жұмыс кездесулерін өткізді. Бұл ретте, ӘӨКО (Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникация орталығы) бірлесіп, «Нысана» жедел желісі мен колл-орталығы ұйымдастырылды. Осылайша, қызметкерлерден 9 мыңнан астам өтініш қабылданып, олардың 811-і өзекті деп танылды.

Осы жылдың жеті айында ереуілдер саны бес есе азайып, ал ықтимал тәуекел аймағының саны екі есе азайды. Бұл туралы Қоғамдық кеңестің отырысында «Самұрық-Қазына» АҚ Корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов мәлімдеді. Ол ереуілдердің 12 жағдайының 9-ы мердігерлік компанияларда, ал тек 3-і еншілес тәуелді ұйымдарда болғанын атап өтті. Өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстыратын болсақ, өткен жылы 57 ереуіл болып, 68 ықтимал тәуекел аймағы анықталған.

Ауғановтың айтуынша, портфельдік компанияларды алдын ала ескертудің арқасында көптеген тәуекелдерге тосқауыл қойылды.

«Біз әлеуметтік тұрақтылық деңгейін анықтау әдістемесін өзгерттік. Енді компаниялар тобындағы зерттеу жарты жылдық негізде жүргізілуде. Сондай-ақ жаңа әдіснамада қақтығысқа ұласқанға дейін проблемалық жақтарын ашатын мәселелер ескерілген. Бізде салдарын шешудің орнына әлеуметтік толқулардың алдын алуға мүмкіндік бар», – деді Ғибрат Ауғанов.

Қазіргі уақытта Қордың әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету қызметі 4 негізгі бағыт бойынша дамуда:

• зерттеу және талдау (еңбек жағдайлары мен адалдық, материалдық әл-ауқат және басқалар);

• әлеуметтік тұрақтылықты мониторингілеу орталығы (әлеуметтік шиеленістің, дағдарыстық жағдайлардың алғышарттары немесе фактілері туралы жинау, өңдеу, алғашқы тексеру, тіркеу және жедел хабарлама);

• IR – өндірістік қатынастар (өндірістік персоналдың санитарлық-эпидемиологиялық, әлеуметтік және психологиялық әл-ауқатын жақсарту);

• әлеуметтік және коммуникациялық жобалар (татуластыру институттары, омбудсмендер, кәсіподақтар, медиаторлар және келісу комиссиялары, жастар саясатын дамыту).

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар Қордың Қоғамдық кеңесінен бірқатар ұсыныстар алып, «Самұрық-Қазына» АҚ-да әлеуметтік тұрақтылық деңгейін арттыру және әлеуметтік әріптестік қағидаттарын нығайту бағытындағы одан әрі қадамдар туралы шешім қабылдады.

Сондай-ақ оқыңыз