Жаһандық экспорт: шетелдегі тұтынушылар қандай қазақ өнімдерін алуға қызығады?

Жарияланды
Фото: архив kursiv.media

Алпауыт қытайлық электронды сауда платформасы – Alibaba маркетплейсі қазақстандық тауарлардың халықаралық нарыққа шығуына мүдделі болып отыр. Халықаралық маркетплейске шығу мүмкіндігіне отандық кәсіпкерлер 2020 жылдан бері ие болды. Осы үш жыл көлемінде қазақ кәсіпкерлері 300 млн доллардың тауарын экспорттапты. Маркетплейске шығу үшін кәсіпкерлерге қойылатын талап көп. Соның ішіндегі сүйектісі – ұсынылатын өнімнің толыққанды Қазақстан аумағында өндірілуі.

Орталық басшысының орынбасары Әсел Егембердиеваның айтуынша, осы үш жыл уақыт ішінде отандық 200 компания «Gold Supplier» (Алтын жеткізуші) мәртебесін алған.

«Біріншіден, біз верификациядан өткен компанияларды іріктеп аламыз. Екіншіден, кез келген компания, оның ішінде шағын кәсіпорындар мәртебеге ие аккаунт үшін 3 мың доллар төлеуге қауқарлы емес. Мемлекет экспортты ынталандыру және халықаралық платформаларда қазақстандық компаниялар санын көбейту мақсатында осындай қолдау көрсетіп отыр», дейді «QazTrade» өкілі.

Қазіргі уақытта Alibaba.com маркетплейсінде әлемнің 40 индустриялы елінен 230 мың «алтын» жеткізуші өз тауарларын жаһан нарығына ұсынып отыр. Платформада 5 900 ішкі санат, 200 миллионнан астам тауар тіркелген. Күн сайын сатып алушылардың 400 мыңнан астам сұранысы орналастырылады. Маркетплейстегі ең ірі тұтынушы-елдер көшін АҚШ, Бразилия, Австралия және Ұлыбритания бастайды.

Alibaba Group стратегиялық даму бойынша вице-президенті Крис Зоудың сөзінше, платформадағы ең танымал тауарлар қатарында – тағамдар мен сусындар, ауыл шаруашылық өнімдері, сән және денсаулық тауарлары, киімдер бар.

«Аталған өнімдердің басым көбін қазақстандық өндірушілер де және олардың көршілес елдерінің компаниялары да ұсына алады. Егер бұрын Alibaba.com Вьетнам және АҚШ жеткізушілеріне мүдделі болып келсе, ендігі кезекте Қазақстанға ерекше көңіл бөліп отыр. Осы жылдан бастап Қазақстанға назар аудара бастадық. Қазақстандық өнім тарапына жолданатын сұраныстар бойынша сатып алушылардың да, сатушылардың да бизнес-белсенділігі байқалады. Қазір тауар категорияларының қаншалықты экспортқа бағдарланғанын зерттеп жатырмыз. Олардың потенциалын зерттегеннен кейін алаңда табысқа жете алатын компанияларды «QazTrade»-пен бірге анықтаймыз. Жиналған ақпарат негізінде жаңа даму стратегиясы мен әрекет жоспарын әзірлейміз», дейді Крис Зоу.

Компанияның Орталық Азия бойынша бизнес-менеджері Дэниел Чжоу снэктер, кондитерлік өнімдер, консервілер, жаңғақ пен тұқымдар, кептірілген жемістер және халал ет қазір трендте тұр дейді.

«Кондитерлік өнімдер ерекше танымалдылыққа ие. Оны адамдар қатты іздейді. Бангладеш пен Пәкістанда экоөнімдерге деген сұраныс өте жоғары. Ал ол жақтарда тұратын халық саны өте көп», дейді Дэниел Чжоу.

Қазір маркетплейс арқасында қазақстандық кәсіпкерлер өз өнімдерін негізінен көршілес елдерге – Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейге сатып жүр. Соңғы кездері Шығыс Еуропа елдері де қызығушылық таныта бастады.

Мамандардың айтуынша, дұрыс және қолайлы логистикалық маршрут қалыптастырылған елдерге Қазақстан өз тауарын оңай жеткізеді.

Сауда-саттық аясын алда кеңейте түсу үшін маркетплейстің құралдарын тиімді пайдалана білу қажет. Ол құралдар қатарында – жарнама, онлайн-аудармашы, жария сұраныстар сервисі бар. Сауда алаңының парақшасында сатып алушылар сатушының онлайн-дүкенін, оның тауары қайда орналасқанын көре алады. Тауарлар атауы бар каталогқа да осы жерден қол жеткізеді. Бұл өз кезегінде жедел әрі тиімді таңдау жасауға оң әсер етеді.

«Алайда «алтын» аккаунт алу – істің жартысы ғана. Әлеуетті серіктестермен дұрыс жұмыс жүйесін жолға қою және сатылымда табысқа жету бизнесменнің күш-жігеріне байланысты болмақ. Нәтижеге жетемін деп мақсат қойған кәсіпкер комания ішінде мониторинг жүргізуді қолға алады, ағылшын тілін меңгерген жауапты менеджерді тағайындайды, сондай-ақ контактілер базасын жинап, сервистік серіктестермен бірлесе жұмыс істейді. Сонда ғана компания жұмысында оң нәтижелер көріне бастамақ. «QazTrade» өз тарапынан әркез консультациялық қызмет көрсетіп, электронды коммерцияның қыр-сырын кәсіп иелеріне түсіндіріп отыратын болады», дейді Әсел Егембердиева.

Виртуалды қызметтер ауқымының кеңеюіне, цифрлық мүмкіндіктердің артуына байланысты алаяқтық әрекеттердің де алуан түрі шығып жатқаны белгілі. Сондықтан платформада жұмыс істейтін кәсіпкерлер алаяқтық әрекеттерден ұдайы сақтанып отыруы тиіс. Сауда саясатын дамыту орталығы мамандарының айтуынша, Alibaba.com-да жұмыс істеу және тауарды ілгерілету бойынша оқыту вебинарлары тұрақты түрде ұйымдастырылады.

«Іріктеуден өткен компанияларға қымбат аккаунттар ұсынылып қана қоймай, сонымен бірге туындаған мәселелер бойынша ұдайы консультация жасалады. Alibaba.com-да жұмыс істеу және тауарды ілгерілету бойынша оқыту вебинарлары тұрақты түрде ұйымдастырылады. Сонымен бірге, сервистік қолдау кәсіпорын платформаға тікелей шығарылғанға дейін де, кейін де жүзеге асырылады. Платформада жұмыс істеу кезінде компаниялар My Alibaba хабарлама орталығына келіп түсетін спам-хабарламаларға кезігуі ықтимал. Аталған спам-хабарламаларда жалған сұраныстар немесе күмәнді сілтеме мен файлдар жүктелген хаттар болады. Алайда қазіргі уақытқа дейін платформада ашық алаяқтық әрекеттер байқалған жоқ. Дегенмен отандық тауар өндірушілердің өнім экспорттау кезіндегі тәуекелін азайту үшін бұл бағыттағы жұмыс үнемі жүргізіледі», деп жауап берді сарапшылар.

Өнім категориясыҮлесі
Жануарлар мен өсімдіктерден алынатын өнімдер21,8%
Дайын азық-түлік тауарлары20,0%
Тоқыма және тоқыма бұйымдары12,7%
Машиналар, жабдықтар, көлік құралдары, аспаптар мен аппараттар11,4%
  Химия және онымен байланысты өнеркәсіп салаларының өнімдері (каучуктар мен пластмассаларды қоса алғанда)9,5%
Кәсіпорындардың өлшемдік жіктелуіҮлесі
Ірі кәсіпорындар (>1000)10,0%
Орташа кәсіпорындар (201-250)13,2%
Шағын кәсіпорындар (31-40)76,8%
Сондай-ақ оқыңыз