Елімізде көмір бағасы 15%-ға қымбаттаған
Елімізде көмір бағасы былтырмен салыстырғанда орта есеппен 15%-ға қымбаттаған. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv.kz.
«Қазір 9,1 млн тонна көмір қажет. Оның 2 млн тоннасы жеткізілді. Кей бөлігі қоймада сақталып тұр. Көмірдің бағасына келсек, қазір көмір шығаратын орындарда «Шұбаркөл» көмірінің бағасы – 7 570 теңге. «Қаражыра» көмірі – 9 мың теңге, «Майкубен вест» көмірі 6 700 теңге, «Шұбаркөл премиум» көмірі 9 мың теңге. Былтырмен салыстырғанда баға 7-10%, 15%-ға қымбаттаған. Үш жылға дейін көмір өндірушілерде баға өзгермеген», – деді Тұрар Жолмағамбетов.
Айтуынша, министрлік көмір өндірушілерден бағаны қымбаттатпауды сұрайды.
«Көмір бағасының не себепті қымбаттағанына келсек, қазіргі инфляцияны білеміз. Одан бөлек өнеркәсіптік инфляция деген бар. Яғни, тамақ, тағам, қызметтен басқа кен орнына келетін қажетті машиналар, жанармай бар. Өнеркәсіптік инфляция құны 40%-ға жетіп жатыр. Соның есебінен қазіргі өсімді жоғары емес деп айтуға болады», – деді ол.