Дүйсенбі күні таңертең эталондық мұнай бағасы сәл қымбаттады, деп хабарлайды Интерфакс-Қазақстан.
Лондонның ICE Futures биржасында Brent маркалы «қара алтынның» қазан айындағы фьючерстерінің бағасы барреліне 84,53 долларды құрады, бұл алдыңғы сессияның жабылуындағы көрсеткіштен 5 центке (0,06%) жоғары. Өткен жұмада бұл келісімшарттар барреліне 1,12 доллар (1,3%) өсіп, 84,48 долларды құрады.
Нью-Йорк тауар биржасындағы (NYMEX) электрондық саудада қазан айына арналған WTI маркалы мұнай фьючерстерінің бағасы 11 центке (0,14%) өсіп, барреліне 79,94 долларды құрады. Соңғы сессияның қорытындысы бойынша 0,78 долларға (1%) – барреліне 79,83 долларға дейін қымбаттады.
Өткен аптадағы сауда нәтижесінде Brent 0,4%-ға, WTI 1%-ға төмендеді.
Мұнай нарығының қатысушылары АҚШ Федералдық резервтік жүйесінің (ФРЖ) басшысы Джером Пауэллдің Джексон-Хоулдағы экономикалық симпозиумда сөйлеген сөзін бағалауда. Оның айтуынша, ФРЖ жоғары инфляциямен күресті аяқтаған жоқ және қажет болған жағдайда пайыздық мөлшерлемені қайтадан көтеруі мүмкін.
«Қажет болған жағдайда біз мөлшерлемені бұдан да жоғары көтеруге дайынбыз және инфляцияның біздің мақсатымызға қарай тұрақты түрде төмендейтініне сенімді болғанша қатаң ақша-несие саясатын сақтауға ниеттіміз», – деді Джером Пауэлл.
Ал Қытай билігі тұрғын үй нарығы мен қор нарығына қатысты экономиканы қолдаудың жаңа шараларын жариялады.
«Қытайдағы экономиканы одан әрі ынталандыру туралы жаңалықтар мұнай бағасына қосымша қолдау көрсетті. Дегенмен, сұраныстың қысқаруы мен ұсыныстың өсуіне қатысты тұрақты алаңдаушылықты ескере отырып, бағалар қысқа мерзімді перспективада бір деңгейде қалуы мүмкін», – деді ING Groep NV компаниясының өкілі Уоррен Паттерсон.
Сонымен қатар, Baker Hughes мұнайсервистік қызмет көрсететін компанияның деректері бойынша, АҚШ-тағы белсенді мұнай бұрғылау қондырғыларының саны өткен аптада 8 бірлікке азайып, 512-ге жеткен, бұл 2022 жылдың ақпанынан бергі ең төменгі көрсеткіш.