Қазақ-қырғыз шекарасындағы кептеліс себебі: 2 млрд теңгеге жуық сомаға 299 контрабанда фактісі анықталған
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан мен Қырғызстанның бақылау бекеттеріндегі жағдайға қатысты түсініктеме берді.
«Осы жылдың тамыз айында Шекара қызметі шекара кеңістігіндегі, оның ішінде шекаралық өткізу пункттеріндегі заңсыз әрекеттерге қарсы тұру бойынша белсенді шаралар кешенін жүргізді. Көліктер техникалық байқау құралдары мен қызметтік иттер арқылы тексерілді», делінген баспасөз хабарламасында.
Қабылданған шаралардың қорытындысы бойынша Шекара қызметі есірткі заттарды тасымалдаудың 35 фактісін, 33 қару мен оқ-дәрілер, 20 жалған құжат пайдалану, 36 қос азаматтық, 2 млрд теңгеге жуық сомаға 299 контрабанда фактісі, жалған құжаттарды пайдаланып көлік құралдарын әкелу және әкету бойынша 27 фактті анықтаған. Сондай-ақ көші-қон заңнамасын бұзған 909 адам анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
«2023 жылғы 28 тамыздағы жағдай бойынша бақылау-өткізу пункттері штаттық режимде жұмыс істейді. Шекараның қазақ-қырғыз учаскесінде «Қарасу» – «Ақтілек» өткізу бекеттерінде өткен тәулікте 350-ден астам көліктің Қазақстан аумағына өтуіне рұқсат етілді. Күнделікті және осы маусымға сәйкес 80-100 көлік кезекте тұру жағдайы тіркеледі. Шекараның қазақ-қырғыз учаскесіндегі басқа автомобиль өткізу бекеттерінде көлік жинақталған жоқ», деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Сонымен қатар Өзбекстанмен шекарада, атап айтқанда «Жібек жолы», «Жетісай», Б.Қонысбаев атындағы бекет пен «Қазығұрт» өткізу пунктінде құрылыс жұмыстарына байланысты көлік жиналып қалған. Сол секілді Ресеймен шекарада «Сырым», «Жайсаң» және «Қайрақ» бақылау-өткізу бекеттерінің алдында мезгіл-мезгіл көліктердің жиналып қалуы байқалған. Баспасөз қызметінің хабарлауынша бұл – осы кезеңге тән құбылыс және шекарадан өткізу пункттерінде қосымша шектеу шаралары енгізілмеген.
Еске сала кетсек, 22 тамыз күні Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы кеденде cу дауына байланысты кептеліс басталды деген хабар тарады. Қырғызстанға көліктер еркін өтіп жатса, бері қарай жүк көліктерінің өтуі қиындаған.
Кедендегі көлік кептелісі 20 тамыз күні таңғы сағат 8:00-ден басталған. «Кең-Бұлун-Автодорожный» және «Ақ-Тілек» өткізу бекеттерінде ауыр жүк көліктері қаптай бастаған. Сол күні таңнан кешке дейін небары 15-ке жуық жүк көлігі Қазақстан аумағына өте алған. Мұндай кептелістің себебін біреулер Өзбекстаннан келген көліктен есірткі табылғанымен байланыстырса, енді бірі «қырғыз тарапы су жібермей қойғаны себепті Қазақстан шекарадан көліктерді өткізбей жатыр» деген ақпарат таратқан.
Ал 24 тамыз күні Қазақ-қырғыз шекарасында жүк көліктерінің кептелісіне қатысты мәселеге Еуразиялық экономикалық комиссиясы араласты. Қырғызстанның Экономика министрлігі Еуразиялық экономикалық комиссияға қырғыз-қазақ шекарасындағы өткізу пунктінде жүк көліктерінің өтуіне қатысты жағдайды зерделеуді сұрап үндеу хат жолдаған.
Сол күні кеште экономика және сауда Министрінің орынбасары Назарбек Малаев қырғыз-қазақ шекарасында көліктерді өткізу жағдайы жақсара бастағаны туралы хабарлады.
«Жағдай жақсарып келе жатқандықтан, Еуразиялық экономикалық комиссия өкілдерімен кездесу барысында біз Қырғызстан мен Қазақстан мәселені екіжақты форматта шешетінін атап өттік. Әзірге біз ЕЭК және Дүниежүзілік сауда ұйымы сияқты халықаралық алаңдарға жүгінбейміз», — деп атап өтті Назарбек Малаев.
Ал 26 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайды екі ел арасында қалыптасқан серіктестік және бауырластық қарым-қатынас аясында реттеуді тапсырды.