Қазақстан тек 2023 жылы ғана Тәжікстан экономикасына 80 млн доллар инвестиция салды

Жарияланды

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның елімізге жасаған сапары аясында бірқатар екіжақты мәселелер талқыға салынды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, биылғы алты айдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымының құны 500 млн доллардан асқан. Мемлекеттер өзара сауда айналымын 2 млрд долларға дейін жеткізуге мүдделі. 2022 жылғы тауар айналымы 1,4 млрд болған және ол оның алдыңғы жылмен салыстырғанда 18 пайызға артық. Осылайша, тараптар арасындағы байланыс беки түсіп, сауда-экономикалық қатынастар жыл санап жанданып келе жатыр.

Саясаттанушы Асхат Қасенғалидің айтуынша, Тәжікстан Президентінің Қазақстанға келуінің бірнеше себебі бар.

«Президент тәжік тарапына «су және электр энергиясын уақытылы жеткізу» шешіміне алғыс айтты. Бұл дәп қазір қызып тұрған тақырып, қызып тұрған мәселе. Оңтүстіктегі диқандарымыз су жетіспей зардап шегуде. Су тапшы. Көбірек су керек. Оны тек осындай келіссөздер арқылы ғана реттеуге болады. Басқа жолы жоқ», дейді сарапшы.

Оның айтуынша, екінші өзекті мәселе – өзара қару-жарақ айналымы мәселесі. Қазіргідей геосаяси ахуал шиеленіскен шақта тараптар бұл мәселені де айналып өте алмайды.

«Қазақстан Тәжікстанға қару-жарақ жеткізіп, көмек беріп келеді. Бұл көбіне оқ-дәрі, снаряд дегендей. Себебі де түсінікті. Тәжікстан Ауғанстанмен шекаралас. Орталық Азияның қауіпсіздік мәселесі жатыр. Өзбек пен түркімен тәлібпен кездесіп, сөйлесіп үлгерді. Тек тәжік билігі ғана ОА-да «Талибанмен» тістесіп келеді. Алда-жалда тәжік-ауған шекарасынан тыныштық қашса, ол тек тәжіктің ғана емес, тұтас ОА-ның бас ауыртып, балтыр сыздатар мәселесі болады. Оны 90-жылдары бір мәрте көріп үлгердік те. Қайталануын ешкім қаламайды. Сондықтан да тәлібпен де сөйлесіп, тәжікпен де сөйлесіп, қорғанысын қуатты етуге үлес қосып жатырмыз деуге болады», деп түсіндіреді Асхат Қасенғали.

Саясаттанушының пайымдауынша, мемлекеттер арасындағы қатынасты мәдени күндер емес (Тәжікстанның мәдени күндері басталды), экономика анықтайды. Қазақстанның сауда серіктестері арасында Тәжікстан алғашқы ондықта жоқ, бірақ біз Тәжікстанның сауда серіктесінің алғашқы үштігінде бармыз.

«Биыл алғашқы алты айында біз Тәжікстанға ең көп инвестиция салыппыз. 80 млн доллардан астам. Екінші – Қытай, үшінші – Италия, сосын Үндістан деп кете береді. Осының өзі Тәжікстан үшін біздің қандай маңызға ие екендігімізді көрсетеді. Екі ел арасындағы сауда айналымы 2 млрд долларға жеткен. Бұл айтарлықтай көрсеткіш, себебі Тәжікстанның жалпы жылдық сауда айналымы аса көп емес. Жалпы, тәжіктермен байланысты арттыра береміз деп ойлаймын. Мәжбүрміз, қажет. Оларға да, бізге де. Бізге әсіресе су мен ОА қауіпсіздігі үшін керек», деп қарым-қатынастың саяси қырына үңіледі сарапшы.

Мәжіліс депутаты Никита Шаталовтың айтуынша, Рахмонның осы жолғы сапарының мәдени және экономикалық сипатын теңестіре қарауға болады.

«Мемлекет басшылары халықтардың жақындығына баса назар аударды. Бұл өңірлік тұрғыдан да аса маңызды нәрсе. Екінші жағынан, прагматикалық экономикалық тақырыптар талқыланды. Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сауда көлемі аса үлкен емес. 6 айда 500 млн долларды құраған. Оны 2 млрд долларға жеткізуді көздейді. Салыстыратын болсақ, Ресей және Қытаймен сауда айналымы 20 млрд доллардан асып кеткен. Түркиямен сауда қатынасын 10 млрд долларға дейін арттыруды ойлап отырмыз», дейді депутат.

Шаталовтың сөзінше, біздің елдеріміз арасында ынтымақтастықтың стратегиялық бағыты да бар.

«Қазақстан Тәжікстанға отын, астық жеткізумен көмектесіп, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігінің маңызды параметрлерін қамтамасыз етеді. Ал Тәжікстан тарапынан бізге жеміс-жидек, электр энергиясы және су ресурсы келіп түседі. Бұл ретте Президент Тоқаев Рахмонның су жеткізу бойынша міндеттемені орындап отырғанын атап өтті. Меніңше, өзара келіссөз барысында мұндай тақырыпқа баса мән беру – геосаяси тұрғыдан өте маңызды. Өңірде су ресурстарын сапалы басқару – үлкен жауапкершілік. Өйткені Орталық Азия елдері бір-біріне өзара тәуелділікте», дейді мәжіліс депутаты.

Ол сонымен қатар Тәжікстанның бізге логистикалық тұрғыдан да маңызды серіктес екенін айтады.

«Соңғы жылдары оңтүстік бағыттағы сауда маршруттарының қажеттілігі артып келе жатыр: Ауғанстан, Пәкістан, Үндістан. Бұл орайда өңірлік лидер атағы үшін Қазақстанмен бәсекелесуге мүдделі емес Рахмонмен тығыз байланыс – үлкен инвестиция. Тәжікстан Қазақстанның оңтүстік Еуразияға жасайтын экспортының қақпасы бола алады. Қазіргі логистикалық бағыттардың кеңею тенденциясы кезінде бұл өте маңызды қадам болмақ. Біз үшін де, Тәжікстан тарапы үшін де», дейді Никита Шаталов.

Сондай-ақ оқыңыз