Құрғақшылыққа қарамастан, күрішсіз қалмаймыз – АШМ өкілі

Жарияланды
Фото: Ашық дереккөздерден

Биылғы құрғақшылықта талай диханның еңбегі ақталмады. Бұл орайда әсіресе, ылғалсүйгіш күріш дақылының жағдайы алаңдатады. Бірақ ҚР АШМ Агроазық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу департаменті директорының міндетін атқарушы Шаймерден Ахметовтің айтуынша Қызылорда дихандары қуаңшылықтан зардап шекпеген. Биыл Қазақстан күріштен мол өнім алуды жоспарлап отыр. Тіпті экспортқа шығаруға да жетеді.

«Биылғы жыл дихандарымыз үшін ауырлау болды. Бірақ құрғақшылық еліміздің барлық өңірлерінде болған жоқ. Қызылорда облыстық әкімдігінің мәліметінше, биыл бұл өңір қуаңшылықтан қатты зардап шекпеген. Жылдық күріш түсімі қанағаттанарлық деңгейде болады деп күтілуде. Биыл шамамен 240 мың тонна күріш өндіріледі деп отырмыз», дейді министрлік өкілі.

Департамент басшысының айтуынша еліміздегі тұтынушылар бұл көлемнің жартысын ғана тұтынады. Ал қалған жартысы эспортқа жөнелтілмек.

«Бұл көлемнің біз тең жартысын ғана тұтынамыз. Күріш жеткілікті мөлшерде. Сол себепті, қуыңшылыққа байланысты күрішсіз қалуымыз мүмкін деген болжам шындыққа жанаспайды. Біз күрішсіз қалмаймыз. Күріштің қалған жартысы экспортталады. Биыл біздің экспорттық потенициалымыз жоғары. Ресей мен Үндістан экспортының жабылуына қатысты Қазақстанның жаңа нарықтарға шығу мүмкіндігі жоғары», деді Шаймерден Ахметов.

Сондай-ақ оқыңыз