СІМ Ресейдің Алматыдағы Бас консулының орыс тіліне қатысты мәлімдемесіне пікір білдірді

Жарияланды
ҚР СІМ

Фото: kursiv.media

Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Ресейдің Алматыдағы Бас консулы Евгений Бобровтың мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді.
Бұған дейін Бобров «Қазақстанда орыс тілін қолдану аясы тарылып жатқанын» айтты. Оның сөзінше, кейінгі жылдары Қазақстанда орыс тілінде білім беретін мектептер мен сыныптар азайған, «Орыс тілі» пәнін қазақ тілінде білім алатын 1-сынып оқушыларына арналған бағдарламадан алып тастау қоғамда белгілі бір алаңдаушылық туғызған».

Айбек Смадияров Бобровтың Алматыдағы Бас консул қызметін атқармайтынын мәлімдеді.

«Ол кісі толық ақпаратты білмейтін шығар. Алматыда жұмыс істегендіктен, Алматының ғана ақпаратымен шектелген болар. Ол кісі қазір Қазақстанда жұмыс істемейді, Ресейге кетіп қалған. Кеткеніне 1-2 күн болды. Қазір Алматыдағы Бас консул емес. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, қазір Қазақстанда 7 711 мемлекеттік мектептің 3 957-сі тек қазақ тілінде білім береді. 1 203 – орыс тілінде, 2 551 мектеп – қазақ және орыс тілінде білім береді», – деді Айбек Смадияров.

СІМ ресми өкілі лауазымды тұлғалардың Қазақстанның ішкі мәселесіне баға беріп, пікір білдіруін «дұрыс емес» деп атады.

Сондай-ақ оқыңыз