Тәжік көрмесіне қойылған жеміс-жидектерді тегін әкетуге рұқсат берілген – Астана әкімдігі
Астанадағы EXPO алаңында Тәжікстан ауыл шаруашылығы көрмесіне қойылған өнімдерді тегін алып кетуге өнім иелерінің өздері рұқсат берген. Астана қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев осылай деп мәлімдеді.
Әлеуметтік желідегі шу. Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмоновтың Қазақстанға ресми сапары аясында Астана, Шымкент және Алматы қалаларында тәжік өндірушілерінің көрмесі ұйымдастырылған болатын. Тәжікстанның мәдени күндерін мерекелеу аясында EXPO алаңында Тәжікстанның ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп өнімдері, ұлттық қолөнер бұйымдары және ұлттық тағамдарының көрме-жәрмеңкесі өтті. Оған Соғды облысының 300-дей ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қатысып, 1 мың тоннадан астам өнім әкелінген.
Астанада өткен көрмеге келушілер, жеміс-жидектерді жаппай алып кеткені туралы видеолар әлеуметтік желіге тарап, қолданушылар арасында қызу талқыға түскен еді.
Астана қаласы өңірлік коммуникация қызметінде елорда билігі осы оқиғаға байланысты түсініктеме берді.
«Иә, аталған тауарларды адамдардың алып кеткенін көрдік. Бірақ, тәжік достарымыз ол тауарларды тегін алуға болатынын айтқан. Өйткені, өнім күннің астында бұзылып кетуі мүмкін еді.. Бүгінде Тәжікстаннан қарбыз жеткізілмейді. Өйткені, жеткізу өте қымбат. Сондықтан да адамдар Тәжікстанның тәтті қауыны мен қарбызының дәмін татқысы келді…Пирамидаға өрмелеп шыққан Тәжікстаннан келген қонақтардың өздері болды. Олар сол жерден жеміс-жидекті алып, адамдарға тегін таратты. Біздің тұрғындар пирамидаға шыққан жоқ», – деді Мақсат Жанабаев.
Бұған дейін елорда әкімдігі Тәжікстанның мәдени күндерін мерекелеу аясында EXPO алаңында ұйымдастырылған көрме-жәрмеңке жұмысын уақытынан бұрын аяқтағанын хабарлаған болатын. Себебі жеткізілген өнімдер жылдам сатылып кетті. Екі күн ішінде іс-шараға 100 мыңнан астам адам қатысқан.