Фермерлердің табиғи апаттан шеккен шығынын өтеу тәртібін енді АШМ бекітеді

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлердің табиғи апаттан шеккен шығынын өтеу тәртібіне өзгеріс енгізбек. Сонымен қатар, мал мен жабайы аң-құстан зардап шеккен егістіктіктерге келтірілген залалды бағалау әдістемесін әзірлеу және бекітудегі министрлік құзыреті белгіленеді. Аталмыш құжат Ашық НҚА орталында жарияланған.

Құжатқа сәйкес, АШМ енді табиғи сипаттағы төтенше жағдайдың нәтижесінде агроөнеркәсіп кешен субъектілеріне келтірілген зиянды өтеу тәртібін әзірлеп, бекітеді.

Биыл құрғақшылық салдарына Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері шығынға ұшырады. 21 тамызда аймақта ТЖ жарияланып, ТЖМ Қаржыминінің қарауына ҚР Үкіметінің резервінен ақша бөлуді сұраған. Алайда өтінімхатты қараған Қаржымині, қолданыстағы қаулыға сәйкес, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар резервін пайдалану қағидаларында заңды және жеке тұлғаларға өтеу тәртібі көзделмегенін атап өткен.

Осыған байланысты табиғи сипаттағы ТЖ нәтижесінде АӨК субъектілеріне келтірілген зиянды өтеу үшін, ҚР Үкіметінің резервінен қаражат бөлуді қамтамасыз ету мақсатында АШМ құзыреті айқындалмақ.

Жалпы, төтенше апатты жағдай болса, ТЖМ барлық есеп-қисабын жасап, Үкімет резервінен ақша бөлуін сұрайды. Үкімет резервінен ақша бөлінсе, осы табиғи апаттан зардап шеккен фермерлер мен шаруалар, агроөнеркәсіп өкілдерінің шығынын өтеу тәртібінін уәкілетті орган – АШМ бекітеді.

Айта кетейік, Жамбыл облысы Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Тұрар Рысқұлов және Талас аудандарында қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жарияланды. Сонымен бірге оңтүстікте биылғы құрғақшылық салдарынан шаруалар 560 гектар алқаптағы егінінен айырылды. Оған Қырғызстаннан Жамбыл облысына суаруға арналған су жеткілікті мөлшерде берілмегендігі себеп. Өткен аптада құрғашылықтан зардап шеккен шаруалардың шығыны есептеліп жатқаны, олардың шығыны төленетіні хабарланды.

Сондай-ақ оқыңыз