Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев арнаулы мандатқа ие омбудсмендермен және құқық қорғау құрылымдарының өкілдерімен кездесу барысында мәлім етті. Бұл жиын Конституция күні қарсаңында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Ақорда.
«Азаматтардың сот шешіміне, қадағалау және құқық қорғау органдарының қызметіне арыз-шағымы көбейіп барады. Жұрт құзырлы органдардан әділдік таба алмаған соң Президент Әкімшілігіне арызданады. Осындай өтініштердің саны азаяр емес», деді Қасым-Жомарт Тоқаев
Айтуынша, келіп түскен арыздардың сараптамасы тұрғындардың сот, полиция және прокуратураның қызметіне қатысты шағымы өте көп екенін көрсеткен. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл – аса маңызды мәселе деп атап өтті. Сондықтан бұл жұмысқа арнаулы мандатқа ие омбудсмендердің араласуы тиіс екенін атап көрсетті.
«Оны шешуге сіздер тікелей атсалысуларыңыз қажет. Уәкілдердің жұмысына ешкім кедергі келтірмеуі керек. Прокуратура, Үкімет және әкімдер бұл мәселені күн тәртібінен алу үшін оларға барынша қолдау көрсетуге тиіс», деді Президент