ЕАЭО елдері электр көліктеріне қуаттау инфрақұрылымын бірге дамытпақ
Еуразиялық экономикалық комиссия алқасы Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінде электр автомобильдерді қуаттау және сервистік (техникалық) инфрақұрылым құру және дамыту бойынша құжаттарды қабылдады. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссия алқасы баспасөз қызметі хабарлады.
Құжаттың мәні неде?
ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен министрі Артак Камалянның айтуынша, осы ұсынымның қабылдануы ұйымға мүше елдерде электр көліктерін қуаттау инфрақұрылымын бірлесіп дамыту тәсілдерін айқындайды.
Қабылданған құжат көліктерді қуаттау және сервистік (техникалық) инфрақұрылымды құруды ынталандыру, оның ішінде халықаралық көлік дәліздері мен мүше мемлекеттердің аумақтары бойынша көлік құралдарының еркін жүріп-тұруы үшін маршруттар бойынша, зарядтау инфрақұрылымына арналған жабдық өндірісін ұйымдастыру мәселелерін қамтиды.
«ЕАЭО елдеріне Комиссиямен бірлесе отырып, мүше мемлекеттердің аумақтарындағы автомобиль электр көлігінің зарядтау және сервистік (техникалық) инфрақұрылымын дамытудың интерактивті картасын әзірлеу ұсынылады», – деп хабарлады ЕЭК.
Мүше мемлекеттер арасында тәжірибе алмасу және осы салада бірлескен жобаларды құру мүмкіндігін қарастыру үшін ұсыным қазірдің өзінде іске асырылып жатқан немесе жоспарланған автомобиль электр көлігінің зарядтау инфрақұрылымын дамыту жобаларының каталогына сілтемені қамтиды.
«Мүше мемлекеттерді осы бағытта біріктіру, электр көлігін танымал етуге, инновацияларды ынталандыруға және климатты жағсартуға көмектеседі», -– деді Камалян.