Жаңалықтар

Энергетика министрлігі жер қойнауын пайдаланушыларға ревизия жасап, 2 млрд теңге өндірген

shutterstock

Ревизия нәтижесінде жер қойнауын жосықсыз пайдаланушылардан мемлекетке қайтарылған жер қойнауы учаскелері аукционға шығарылады. Жалпы, энергетика министрлігі жер қойнауын жосықсыз пайдаланушыларды анықтау мақсатында келісімшарттарға ревизия жасап жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ведомства басшысы Алмасадам Сәтқалиев мәлім етті.

«2022 жылдан бастап Министрлік 29 келісімшартты бұзды, 9 келісімшарт бойынша 1,9 млрд. теңге сомаға берешек өтелді», деді Сәтқалиев.

Айтуынша, мемлекетке қайтарылған жер қойнауы учаскелері аукционға қойылады. Бұл геологиялық барлауға инвестициялар тарту және бұрынғы иелері ұзақ уақыт ұстап отырған кен орындарын өнеркәсіптік айналымға жылдам енгізу мақсатында жасалады.

Жыл соңына дейін тағы 2 электрондық аукцион өткізу жоспарлануда.

«Келесі аукцион 20 қазанға жоспарланған, онда 11 жер қойнауы учаскесі 9 – барлауға және өндіруге, 2  – өндіруге қойылған. Бастапқы қол қою бонусы – 456 млн теңге. Геологиялық барлауға салынған инвестициялар 42,5 млн. долларды құрайды», деді Энергетика министрі.

Министрдің дерегінше, биылғы 12 шілдеде кезекті электрондық аукцион өтті, оның нәтижелері бойынша 3,4 млрд.теңге сомасына қол қою бонусын төлей отырып, 11 жер қойнауы учаскесі, оның 7 – барлауға және өндіруге, 4 – өндіруге сатылды. Геологиялық барлауға салынған инвестициялар 35 млн. долларды құрады.