Еурокомиссия тергеуі: Сауда және интеграция министрлігі ағаш өндірушілерге үндеу жолдады
Еуропалық комиссияның Қазақстан мен Турциядан Ресейден шығуы мүмкін ағашты ЕО-ға жеткізуге қатысты антидемпингтік тергеуінің басталуына қатысты ҚР Сауда және интеграция министрлігі осы өнімді Еуропалық Одақ елдеріне экспорттаушы қазақстандық өндірушілер мен мүдделі тұлғаларға үндеу жолдады.
Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, демпингке қарсы немесе арнайы қорғау шараларын мемлекеттер өздерінің экономикалық мүдделерін үшінші елдер тарапынан демпингтік, субсидияланатын немесе үлесі асқан импорттан қорғау үшін қабылдайды.
«Бүгінде ЕО-да Ресей Федерациясынан шыққан қайың фанеріне қарсы демпингке қарсы шара Еуропалық комиссияның 2021 жылғы қаулысымен белгіленген. Содан кейін Еуропалық комиссия ресейлік қайың фанерін жеткізуге қатысты демпингке қарсы тергеу жүргізді, нәтижесінде өндірушіге байланысты 14,4% – дан 15,8% – ға дейін демпингке қарсы баж салығы енгізілді», делінген хабарламада.
Ал 2023 жылғы 22 тамызында осы тауар бойынша Еуропалық комиссия жаңа тергеу бастаған. Оған ЕО-ға Ресейден шыққан Қазақстан мен Түркия арқылы келетін қайың фанерінің импортының ұлғаюы негіз болған.
«Осы кезеңде, рәсімдерге сәйкес, 2023 жылғы 28 қыркүйекке дейін қазақстандық қайың фанера өндірушілері ынтымақтастықта болып, сұратылған ақпаратты Еуропалық комиссияға ұсынуы қажет. Деректерді ұсынбау және қазақстандық компаниялардың тергеуге қатысудан бас тарту қазақстандық қайың фанерін жеткізуге қолданыстағы демпингке қарсы баждардың 15,8% деңгейінде көтерілуіне әкелуі мүмкін. Дәл осындай шара, егер Еуропалық комиссия ресейлік қайың фанеріне қолданыстағы демпингке қарсы шараны айналып өтуді растаған жағдайда, Қазақстан Республикасынан ЕО-ға импорттау кезінде қазақстандық өндірілген тауарларға қолданылатын болады», деп ескертеді министрлік.
Тергеу аясында бұл талаптарды айналып өтуге тырыспаған экспорттаушы компаниялар ЕО-ға фанерді еш кедергісіз жеткізуді жалғастыра береді.
Сауда және интеграция министрлігі өз тарапынан тергеу бойынша ынтымақтасуға дайын екендігі туралы Еуропалық комиссияға хабарлама жолдаған.
«ҚР Сауда және интеграция министрлігі экспорттаушы тараптың уәкілетті органы ретінде осы тергеу бойынша ынтымақтасуға дайын екендігі туралы Еуропалық комиссияға хабарлама жіберді. Осы ретте, Министрлік қазақстандық қайың фанерін өндірушілер үшін тергеу рәсімдеріне қатысты семинарлар ұйымдастырып, қажетті консультациялар, өндірушілерге Еуропалық комиссиядан алынған барлық материалдарды ұсынады», делінген баспасөз хабарламасында.
Еске сала кетсек, 28 тамыз күні Еурокомиссияның Қазақстан мен Түркияны ресейлік фанераның реэкспортын ұйымдастырды, демпинг жасап, санкцияларды айналып өтті деген күдікпен тергеу бастағаны хабарланды.
«Түркия мен Қазақстаннан келетін жеткізілімдер Ресей Федерациясынан қайың фанерасының импортына қойылған шектеулерді айналып өту үшін пайдаланылуы мүмкін», – деп мәлімдеді Еурокомиссия.