Мұнай өндіру бойынша 3 күрделі жобаға келісімшарт жасалды, ал сирек металдарды барлау жұмыстары баяу жүруде

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Энергетика министрлігінің дерегінше 1 тамыздағы жағдай бойынша көмірсутектер саласында 292 келісімшарт қолданылады, оның ішінде Өнімді бөлу туралы келісім – 9 , барлауға – 26 , барлауға және өндіруге – 147 және өндіруге – 110 келісімшарт.

Үкімет отырысында баяндама жасаған Алмасадам Сәтқалиев, салада жыл басынан бері күрделі жобалар бойынша 3 келісімшарт жасалғанын мәлім етті. Олардың құны құрылыс кезеңінде шамамен 8 млрд.АҚШ доллары болды.

Келісім-шарт жасалған кен орындары:

1) Қаламқас-теңіз, Хазар, Әуезов кен орындарында көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшарт. Инвестициялар шамамен 6 млрд АҚШ доллары (ҚМГ, Лукойл).

2) Каратон подсолевой учаскесін барлауға арналған келісімшарт. Инвестициялар шамамен 2 млрд. АҚШ доллары (ҚМГ, Татнефть).

3) Шығыс Өріктау кен орнын өндіруге арналған келісімшарт. Инвестициялар шамамен 51 млрд. теңге.

Жалпы, министрдің дерегінше 2023 жылдың 1-ші жартыжылдығында көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға инвестициялардың жалпы көлемі – 4 трлн. теңгені құрады. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 110%-ға көп. 2022 жылы инвестициялар-3,6 трлн. теңге.

«Биылғы жылдың 6 айында геологиялық барлауға жұмсалған шығындар 187 млрд.теңгені құрады, ал 2022 жылы – 135,7 млрд. теңге болған еді» , деді Энергетика министрі.

Энергетика министірінің дерегінше, өткен жылы қабылданған заңнамалық өзгерістер келісімшарттардың барлаудан өндіруге жылдам ауысуына ықпал етті. Нәтижесінде, биылғы бірінші жартыжылдықта 16 келісімшарт, 2022 жылы 13 келісімшарт өндіруге ауыстырылды.

Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу

Осы жиында баяндама жасаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Азамат Бейспеков жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу екі бағытта дамып келе жатқанын айтты: «жер қойнауын өңірлік зерттеу» және «іздеу жұмыстары».

«Жер қойнауын өңірлік зерттеу ел көлемінде жүргізіледі. Бүгінгі таңда Қазақстан аумағының 94,5%-ы 200 мың масштабтағы геологиялық зерттеумен қамтылған. Екінші бағыт шеңберінде шағын қалаларға жақын орналасқан қала құраушы кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін 16 учаске бойынша барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 12 учаскеде сирек кездесетін металдар саласын дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді», деді Азамат Бейспеков.

Жалпы ИИДМ дерегінше, Қазақстанда 8 мыңнан астам қазба кен орны бар

Сирек кездесетін металдарды барлау

Дегенмен, Үкімет басшысының айтуынша бұл жұмыстар жеткіліксіз. Өйткені жоғары технологиялық өнімдерді өндіруге негіз болатын сирек және сирек жер металдарын барлау жұмыстары баяу қарқынмен жүріп жатыр.

«12 жыл ішінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге 2 трлн теңгеден астам жеке инвестициялар салынды. Бірақ, соған қарамастан, біз жаңа кен орындарын барлауға жұмсалатын салымдар бойынша артта қалып отырмыз. Аталған проблемаларды шешу үшін қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер қабылданды», — деді Әлихан Смайылов.

Жиын соңында Премьер-Министр сирек кездесетін және сирек жер металдар негізінде жоғары технологиялық өнімдер өндірісін ұйымдастыру үшін Жол картасын әзірлеуді, 2 ай мерзімде заманауи технологиялық шешімдерді пайдалана отырып, газды кен орындарының тарихи деректеріне талдау жүргізуді, жыл соңына дейін ғылыми база мен инфрақұрылымға талдауды тапсырды. Сонымен қатар, өз міндетін орындамайтын жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты шаралар қабылдай отырып, барлық кен орындарын тексеруді аяқтау қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз