Мемлекеттік органдар тиісті қорытынды шығармай, олқылықтарды түзетуге тырыспайтыны салдарынан сотта жеңіліп жатыр – Тоқаев

Жарияланды
токаев
Фото: akorda; shutterstock

Мемлекеттік органдар тиісті қорытынды шығармай, олқылықтарды түзетуге тырыспайтыны салдарынан сотта бизнес пен жеке тұлғалардан жеңіліп жатыр. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституция күні қарсаңында арнаулы мандатқа ие омбудсмендермен және құқық қорғау құрылымдарының өкілдерімен кездесуі барысында айтты.

Президенттің айтуынша, әкімшілік әділетті енгізудің нәтижесінде бүгінде мемлекеттік органдармен арадағы сот дауларында шешімдердің үштен екісі азаматтар мен бизнестің пайдасына қабылданып жатыр.

«Алайда мемлекеттік органдар бұдан тиісті қорытынды жасамайды, олқылықтарды түзетуге тырыспайды. Олар өз деңгейінде шешім қабылдап, сотқа жеткізбеуге болатын істердің үлесі әлі де көп», – деді Мемлекет басшысы.

Осы ретте Үкіметке Бизнес-омбудсменмен бірлесіп, алдын алу шараларын қабылдау мәселесін пысықтауы және бұл көрсеткішті мемлекеттік органдардың жұмысын бағалау шарттарына енгізуді тапсырды.

Президент баса наза аударған тағы мәселе – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқық қорғау институттарының жұмысы туралы ақпараттандыру.

«Қазіргі жағдайда құқықтық насихат пен азаматтарды құқықтық тұрғыда тәрбиелеудің маңызы арта түсті. Бұл іске сарапшыларды тарта отырып, барлық құқық қорғау институттарының әлеуетін жұмылдыру қажет.Сіздер үнемі қоғамдағы маңызды мәселелерді көтерулеріңіз керек. Көп жағдайда әлеуметтік шиеленіс пен масылдыққа құқықтық сауатсыздық себеп болады», – деді Тоқаев.

Көптеген адам құқықтық тұрғыда өз мүдделерін қорғауды, қолданыстағы заң нормаларына сүйенуді білмейді. Оның айтуынша, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары көбіне ақпараттық ресурстар мен заң көмегі қолжетімсіз шалғай аймақтарда бұзылады.

«Ауыл тұрғындары басқа мәселелерге қарағанда, жерді пайдалану, жайылымдарды бөлу, инфрақұрылымдардың қолжетімділігі мен сапасына қатысты мәселелерді жиі көтереді. Құқықтық насихат бағытындағы сіздердің күш-жігерлеріңіз ауыл мен қала тұрғындарының мүмкіндігі арасындағы алшақтықты дәйекті түрде қысқартуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жолға қойылған уәкілдер жүйесі өзіне жүктелген міндетті толық орындауға тиіс екенін атап өтті. Аталған бағыттағы қызмет – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадам.

Сондай-ақ оқыңыз