2028 жылға қарай ЖІӨ 6% өсіп, инфляция біршама төмендеуі мүмкін
Фото: kursiv.media
Алдағы 5 жылда Қазақстаның жалпы ішкі өнім өсімі орта есеппен 6 пайызға жетіп, елдегі инфляция 2028 жылға қарай 5 пайызды құрауы мүмкін. Ел билігі алдағы жылдары қара алтын бағасы 80 доллар шамасында болады деген пікірде. Бұл турал Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 2024–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстыру барысында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, сыртқы параметрлердің өзгеруіне байланысты ел дамуының: базалық, пессимистік және оптимистік сценариі қарастырылып отыр. Базалық сценарий бойынша, мұнайдың орташа бағасын барреліне 80 АҚШ доллары деңгейінде алу ұсынылады. Министрлік бұндай болжамды халықаралық қаржы ұйымдарының әлемдік экономика өсіміне қатысты тұжырымын, сыртқы нарықтардағы конъюнктураны ескере отырып жасаған.
Бұған дейін ХҚҰ әлемдік экономика 2024 жылы 3% өсім көрсетеді деп мәлімдеген еді. Консенсус-болжамға сәйкес, 2024 жылы әлемдік мұнай бағасы барреліне 80 АҚШ долларын құрайды.
«2024 жылы ЖІӨ-нің нақты өсуі 5,3%-ті құрайды, кейін 2028 жылы 6%-ке дейін өседі. Номиналды ЖІӨ 2024 жылғы 135 трлн теңгеден 2028 жылы 218,5 трлн теңгеге дейін өседі», – деді министр..
Қуантыровтың айтуынша, алдағы жылдары экономиканың барлық базалық салаларында өсу күтіліп отыр. Мәселен, өнеркәсіпте орташа жылдық өсу қарқыны 4%-ті, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде – 4,9%-ті, тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 3,1%-ті құрайды.Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі көлемінің орташа жылдық өсімі 4,5%-ті құрайды. Құрылыс саласындағы болжамды өсу орта есеппен 8,8%-ті, саудада – 7,4%-ті құрайды.
Қазіргі кезде Қазақстандағы ЖІӨ-нің нақты өсімі 4,9%-ды құрайды. Ал, 2022 жылы қалыптасқан сыртқы күрделі ахуалға қарамастан, экономикамының нақты өсуі 3,2% болған.
Еуразиялық даму банкінің 2023-2025 жылдарға арналған макроэкономикалық шолуында Қазақстан экономикасы 2023 жылы 4,3%-ға, ал 2024 және 2025 жылдары 4,4%-ға өседі деп болжанған еді.
Ұлттық Банктің сарапшылар қоғамдастығы арасында жүргізілген макроэкономикалық сауалнама нәтижесі бойынша, 2023-2024 жылдары Қазақстан экономикасы 4 пайыз өсім көрсетуі мүмкін. 2025 жылға арналған болжам да бұдан алыс кетпеген. Нарық қатысушылары бұл жылы ел экономикасының өсімі 4,1 пайызды құрайды деп болжайды. Ал мұнай бағасы келер жылы сәл арзандап, 2025 жылға қарай қайта көтерілуі ықтимал.
Ұлттық қордан қанша қаржы алынады?
2024 жылы ұлттық ауқымдағы әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан 1,6 трлн теңге көлемінде нысаналы трансферт тарту жоспарланған. «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024–2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы 2024 жылы барреліне 43,4 АҚШ доллары, 2025-2026 жылдары барреліне 40,2 – 41,8 АҚШ доллары деңгейінде белгіленген.
«Осыны ескере отырып, мемлекеттік қаржының теңгерімділігін қалпына келтіру үшін 2024-2026 жылдары республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері жыл сайын 2 трлн теңге соммасында айқындалды», деді министр.
Министрдің айтуынша, 2024 жылы Ұлттық қорға 7,5 трлн теңге түспек. Ал 2025 жылы – 8,3 трлн теңге, 2026 жылы 8,3 трлн теңгеге толығуы мүмкін.
«Трансферттерді жоспарлы пайдалануды, сондай-ақ қорды басқаруға байланысты шығыстарды ескере отырып, Ұлттық қордың валюталық активтері 2024 жылы 68,0 млрд АҚШ доллары, 2026 жылы 93,3 млрд АҚШ доллары көлемінде болжанады», деді ҰЭМ басшысы.