Promenade сауда орталығының орнына жаңа фудхолл пайда болады
Алматы әкімі Ерболат Досаев Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесуі кезінде қалада жаңа фудхолл пайда болатынын айтты.
Алмалы ауданының тұрғыны Бостандық ауданында орналасқан Promenade сауда орталығына қатысты сұрақ қойды. Ол Қаңтар оқиғасынан кейін қалпына келмеген ғимараттың болашағы қандай болатынын сұрады.
«Promenade сауда орталығы модернизацияланады. Оның иелері маған алдын ала жобаны көрсетті. Олар қазір танымал фудхолл форматын негізге алды және дизайнды таңдауға дайын. Сонымен қатар, жақын жерде Спорт сарайы мен Орталық стадион орналасқан. Жоба жақсы. Енді олар қажетті құжаттамадан өтіп, қала Кеңесіне барады. Біз қала тұрғындарын да, туристерді де тартатын жаңа нысан пайда болады деп ойлаймыз. Мен бұл идеяны қолдадым. Келесі жылы бұл жоба бойынша жұмыстар басталады», деп жауап берді әкім.
Ашық ақпарат көздеріндегі мәліметтерге сәйкес Promenade сауда үйіне «Mercury Properties» ЖШС иелік етеді. «Mercury Properties» компаниясы Алматы, Астана, Ақтөбе, Атырау қалаларындағы коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқарумен айналысады.
Бұл компанияға Астанадағы – «KeruenCity Астана», Keruen СОО, Talan Gallery, Emerald Tower БО, «КМГ» БО, «МБЦ» БО, «Лукойл» БО, Marden БО, «Вега» БО; Алматыдағы – Almaty Towers, SmArt.Point Almaty, «Спутник» СОО, Moskva СОО, Baykonyr БО, Абылай хандағы бизнес орталығы. Globus СОО, Globus БО, Promenade СОО, «Аэровокзал» СО, «Стандарт» БО, Forum Almaty СОО, Car City БО, «Пассаж» СО, Шымкенттегі – «Қайнар» бизнес орталығы кіреді.
Ал «Mercury Properties» ЖШС-нің түпкі қожайыны «Кипрос» ЖШС. Егов-тағы анықтамалыққа сәйкес «Кипрос» компаниясының құрылтайшысы – Динара Құлыбаева.