Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесуі кезінде қоғам қайраткері әкімнен АЭС салуға қарсы митинг ұйымдастыруға рұқсат сұрады.
«АЭС-ке қарсы Алматыда митинг өткізуге қатысты бес адам сізге арыз берген. Үш алаңның бірін берсеңіз деп рұқсат сұрап отыр. Осыған рұқсат бересіз бе? Жалпы, біз неге рұқсат сұрауымыз керек? Сіздің митингті заңды, заңсыз деп жариялауға қандай құқыңыз бар? Бұл конституцияға қарсы, бұл адам құқы жөніндегі конвенцияға қайшы. Полиция сіздің қаулыңызбен бізді әкімшілік жауапкершілікке тартады. 15-20 күнге қамайды. Сіздің қаулыға байланысты сәуірдегі жиындар мен митингке қатысқаным үшін маған екі рет айыппұл салынды. Есепшотым бұғаттаулы. Сіздің ондай қаулы шығаруға хақыңыз жоқ. Бұл бойынша әуелі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі бойынша 450, 361, 362, 3636 және 369-шы бабы бойынша сіз қылмысқа тартылуыңыз мүмкін. Соны сіз білесіз бе?» деді қоғам белсендісі Әбдіманап Мейірхан.
Әкім сотқа жүгіну әркімнің құқы екенін, бірақ әкімдіктің заң негізінде ғана жұмыс істейтінін айтты. Бірақ АЭС салуға қарсы митингке рұқсат беру, бермеу жөнінде ештеңе айтпады.
«Статьялардың көбін айтып бердіңіз. Бірақ енді сотқа барып, әкімшілік дұрыс істеп жатыр ма, бұрыс істеп жатыр ма білу сіздің өзіңізідің парызыңыз. Тиісті құжаттарыңызбен жүгінуіңізге болады. Ал басқа жұмыстың бәрін заң негізінде істеп жатырмыз. Басқа өзгерістер болмайды. Осы жылдан бастап, өзіңіз білесіз, Конституциялық сот бар. Сіздің оған жүгінуге мүмкіндігіңіз бар. Бәрін заң негізінде жүзеге асырамыз», деді қала басшысы.