Жаңалықтар

Тамара Дүйсенова Астанаға көшіп келушілердің санына шектеу қалай қойылатынын түсіндірді

Елордада адамдардың тұруына шектеу қойылмайды. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты.

Бұған дейін Үкімет отырысынан кейін журналистер Тамара Дүйсеновадан «Астанаға көшіп келушілердің санына шектеу қойылмақшы. Халықтың ашуына тиетін ұсынысты қалай талқылауға шығарып отырсыздар?» деп сұрақ қойды.

Тамара Дүйсенова қаланың инфрақұрылымы көп адамға есептелмегенін жеткізді.

«Қазір Астана қаласында бір миллионнан аса адам тұрып жатыр. Бұрынғы Ақмола қаласы 300 мың адамға ғана есептелген. Жастар оқуға келіп жатыр. Жұмыс орындары ашылып жатыр. Қазіргі инфрақұрылым халыққа мүмкіндік бермей жатыр. Егер Астананың көлемі кеңейіп, мүмкіндіктер жасалса, әсіресе, әлеуметтік инфрақұрылым салынса, онда ашуға болады. Қазір осындай шешім қабылдауға тура келеді. Заң жобасын елорда әкімдігі дайындап жатыр», – деді вице-премьер.

Осы тақырыпқа өткен арнайы брифингте Тамара Дүйсенова шектеуге қатысты мәлімдемесін түсіндірді.

«Астанада тұруға, келіп-кетуге шектеу жоқ. Конституцияға сәйкес бүгінге дейін елордаға келу мен кетуге ешқандай шектеу болмаған. Мұндағы шектеу тек адам тұруға арналмаған ғимаратты жалға бергендерге қатысты болады. Мысалы, гараж. Оны жалға алып тұрғандар бар. Ол жердегі адам тіркеуге алынбайды. Осы нысанды жалға берген адамның жауапкершілігін күшейту, яғни айыппұл мөлшерін 15 АЕК-тен 30 АЕК-ке (51 750 теңгеден 103 500 теңгеге, 1 АЕК – 3450 теңге) дейін көтеру туралы ұсыныс жасалды. Қазір мәселені жұмыс тобы қарап жатыр», – деді Тамара Дүйсенова.

Министр Астанада тұрып, жұмыс істегісі келетіндердің тұрғылықты мекенжайы болуы керек екенін айтты.