UI/UX дизайнер деген кім және ол қанша табыс табады?

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

Web-беттерді оқуға ыңғайлы, әдемі әрі көрнекі етіп жасайтын маман — уеб-дизайнер. Егер әр сайтты құдды дүкен сөресі деп алсақ, ондағы тауардың жинақы тұруы, белгілі бір ретті сақтап, келушілерге ұнамды болуы дүкен арқылы мол табысқа кенелуге бірден-бір себеп болады. Уеб-дизайнда да солай: сайттың жасақталғанына қарай сатылым да, брендтің беделі де өседі не керісінше түседі. Олай болса, бүгінгі таңда танымал мамандықтардың бірі саналатын UI, UX дизайн туралы айтайық. Қандай табыс табуға болады? Жастарға ғана арналған ба? Ол үшін математикаға жүйрік болу керек пе? Осы және өзге де сауалдардың жауабына тоқталайық.

Уеб-дизайнер деген кім?

Сайттың сырт көрінісімен айналысатын маманды «уеб-дизайнер» деп атайды. Ол Web-бетте көрініп тұратын элементтерді таңдап, олардың қалай және қай жерде орналасатынын, қолданушының мониторында оның қалай көрінетінін — бәрін реттейді. Айталық, ашылған беттегі бір блокты тінтуірмен түртіп қалғанда не ашылады, келесі бетке ауыса ма, әлде ақпарат анимациямен беріле ме? Төмен сырғи бергенде шығатын мәліметтердің ретін де уеб-дизайнер баптап қояды. Көпшілігі «дизайн» сөзіне қарап, оның талғамға қатысты екенін түсінеді. Киім не интерьер дизайнеріне қарағанда уеб-дизайнердің жұмысын қолмен ұстау мүмкін емес. Оның интернет бар жерде, экран арқылы ғана қарауға болады. Одан қала берді жиһаз дизайнері материал мен матаға жіті мән беретін болса, уеб-дизайнер өнімінде түстердің үйлесімі, композиция, қолданушы оп-оңай түсінетіндей қарапайым, бірақ көрер көзге тартымды болуын қадағалайды.  

Интернеттің пайда болуымен дүниеге келген мамандық

Расында, уеб-дизайнның шығу төркіні тікелей интернеттің кеңірек таралуымен байланысты. Өйткені адамдар сайттарға көбірек кіріп, қызығушылық таныта бастағанда алғашқы сұраныстар да пайда болған еді. Бұл мамандық сонау 2007 жылы танымалдыққа ие бола бастады. Ол кезде дамыған елдерде смартфондар   шығып, қолданушы саны артқан. Осыны байқаған компаниялар сайттарының компьютердің мониторында ғана емес, телефонның экранында да әдемі әрі жинақы көрінуі керегін түсіне бастаған екен. Соған байланысты жаңа маманға сұраныс пайда болған. Яғни жаңа құрылым жасап, сайтқа кіру процесін мейлі компьютерден, мейлі телефоннан болсын — барлық құрылғыдан жайлы ете алатын адамдар керек болды. Қазіргі таңда уеб-дизайнерлер бизнестің барлық дерлік саласына керек. Өйткені компания туралы ақпараттың интернетте болғаны, әр бизнестің жеке сайты болғаны жазылмаған заңдылық іспеттес міндетті дүниеге айналды. Жұмыс берушілердің хабарландырулары шығатын сайттарға да «уеб-дизайнер», «UI,UX дизайнер» деп жазып көрсеңіз, өзекті бос орындар үнемі болады.  

Ол немен айналысады?

Уеб-дизайнер сайттар мен мобайл қолданбалардың дизайнын жасайды. Бірақ оның ішінде бірнеше шаруа қатар жүреді. Атап айтқанда, UI және UX дизайн, брендиң, лендиң дизайны және т.б. Жалпы алғанда уеб-дизайнердің шеберлігіне көп нәрсе байланысты: клиенттің сайтта қалуы, онда тұрған баннерді басып көруі, қай жерде ненің орналасқанын логикалық деңгейде түсінуі. Сайт сырт көзге әдемі болғанымен, кейде қай батырманың қайда тұрғанын, біреуін басқанда қай жаққа өтетінін қолданушы түсінбей қалуы мүмкін. Айталық, сіз белгілі бір сайтқа тіркелгелі жатсыз. Аккаунт ашу үшін қай батырманы басу керегін қолданушы тауып алуы үшін уеб-дизайнер дизайн жасағанда ойластырып, клиент секілді ойлана білуі шарт. Әсіресе, бұрын-соңды сайттарды шолудан аса хабары жоқ адамдарға түсіну қиын болмайтындай етіп жасауы қажет.

Көпшілігі уеб-дизайнер мен графикалық дизайнердің жұмысы бір деп ойлап жатады. Иә, екеуі де дизайн жасаумен айналысады. Дегенмен айырмашылық бар. Уеб-дизайнердің жұмысы түгелдей интернетке қатысты. Яғни ол сайт, баннер, мобайл қолданба, онлайн-сервистер жасаумен айналысады. Демек, оның жұмысы онлайн форматта өте береді. Моушн-дизайнер, 3D дизайнерлерден айырмашылығын айтар болсақ, олар көбіне қосөлшемді және статикалық элементтермен жұмыс істейді.

Сайт жасаушы дизайнерлердің міндеттері

  •   Сайттың не мобайл қолданбаның түрлі құрылғыда (смартфон, ноутбук, дербес компьютер, планшет және т.б.) қалай көрінетінін көз алдына келтіре алуы керек. Әрі құрылғы экранының өлшемін ғана емес, сурет сапасы төмен көрінетін болса қалай болатынын да ескеру шарт.  
  • Бағдарламалаушылармен, UX-копирайтерлермен, уеб-аналитиктермен бірлесіп, командада жұмыс істеу маңызды. Өйткені олардың да талап-тілегін тыңдап, соңында мықты өнім жасау — басты міндет.

Уеб-дизайнердің міндеттеріне компания не брендтің таргет аудиториясына ұнайтындай визуал шешім іздеп, ұсыну кіреді. Соның ішінде:  

  1. Тапсырыс берушіден, проджект-менеджер немесе арт-директордан техникалық тапсырма алады. Техникалық тапсырмада өнімнің сипаттамасы, референстер, таргет аудитория, мерзім және бюджеті көрсетіледі. 
  2. Тапсырманы орындауға кірісу. Ол үшін алдымен аудиторияны зерттеп, оның қалауын ескереді. Бәсекелестердің сайттарын шолып шығады, үздік дегендерін референс ретінде алады.
  3. Алғашқы эскиздерін жасап, ұсыну. Сайттың қалай болатынын сызба түрінде жасап, стиль, түстер үйлесімі, графикалық элементтерін үйлестіріп көрсетеді. 
  4. Прототипін жасау. Жасалған эскизді пысықтап, клиент мақұлдаған соң бүге-шүгесіне дейін ақылдасады. Қолданушы сценариін де осы қадамда есепке алады.
  5. Дайын макетті әзірлеп беру. Прототипі нақты бекітілген соң, сайт беттеуге керек форматқа лайықтап барлық беттің макетін істейді. Сондай-ақ, бағдарламалаушыларға арналған техникалық тапсырма әзірлеп береді. 

Уеб-дизайнерге керек hard skills

Бұл мамандыққа қажет кәсіби машықты үйрену үшін оқыған кезде де, тәжірибе барысында да ала беруге болады. Атап айтқанда, керегі:

  • Дизайн-бағдарламалар мен редакторлар. Соның ішінде бүгінде аса қажет болатыны — Figma. Өйткнеі бұл қазіргі таңдағы ең басты құрал саналады. Уеб-дизайнер Figma-да фото мен графикалық элементтерді жинайды, макеттер жасайды, түрлі форматқа салып, ауыстырады, әріптестерімен байланыса отырып жұмыс істейді. Сонымен бірге  Adobe Illustrator немесе Photoshop сынды графикалық фоторедакторларды білсе, артық болмайды.   
  • Композициялар мен перспективкалар, түстер үйлесімі мен қаріптер жайлы ақпарат білгені жөн.
  • Интерфейстерді жобалап, қолданушының діттеген бетіне өткенге дейін жолын қайталай алуы үшін  UX және UI дизайн негіздерінен хабардар болуға тиіс.
  • Қолданушы сайтқа кірген соң, өзін қалай ұстайды, қай жерді басады, не іздейді — бәрін білуі үшін уеб-аналитика негіздерін білгені жөн. Мысалы батырма онша көрінбей қалса, білінетіндей етіп жасау не басқа жерге көшіру сынды шешімдерді ұсына алатындай болуы керек.
  • UX-копирайтиңнен де хабары болуы қажет. Өйткені батырмалардың атауын қойғанда, бөлімдер мен айдарларды атағанда ол қолданушыға түсінікті болуы шарт.
  • Қарапайым эффектілер жасау үшін анимация негіздерін білгені жөн. Айталық, жылтырап тұратын батырма не жүгіртпе мәтін шығара алуы қажет.

Уеб-дизайнерге керек soft skills

Кейде осы софт машықтарды дамыту адамға қиынырақ соғып жатады. Өйткені бұл табиғаттан берілмесе, қолдан жасауға көп уақыт кетуі мүмкін. Әйтсе де, мүмкін емес деуге келмейді.

  • Адамдармен диалог орната білуі керек. Уеб-дизайнердің міндеттерінің ішінде тапсырыс берушілермен және команда мүшелерімен жиі сөйлесу бар. Керек ақпаратты үтір-нүктесіне дейін сұрап, білу үшін, клиенттің тілектеріне құлақ асу үшін, позицияңызды айқындап айту үшін, сынды дұрыс қабылдау үшін бұл машық аса қажет. 
  • Биік талғам қажет. Бұлай дейтін себебіміз — сәтті шыққан уеб-дизайн қолданушылардың көзіне тартымды көрінеді, сайтта ұзағырақ қалуға, кейін қайта оралуға шақырады. Тәжірибелі, білікті дизайнер түстер мен қаріптердің қайсысы келмейтінін, қандай нұсқасы дұрысырақ болатынын бірден біледі.
  • Табандылық керек. Уеб-дизайнер шабыт іздеп жүретін адам емес. Кейде макетті дайындап болса да, шаруасы көбейіп кетуі мүмкін. Бір мәселені шешу үшін апталап отыруыңыз керек болатын кездер болады. Клиент қалағандай нәтижеге қол жеткізу үшін бірнеше нұсқасын жасауға дайын болу қажет. Әрі әр детальға жіті мән бермесе болмайды. Дизайндағы өрескел қате көзге ұрып тұрады. 
  • Эмпатия артық болмайды. Дизайнның жылы әрі көркем болып шығуға әсер ететін фактор осы екенін білетін бе едіңіз? Аудиторияға не ұнайтынын, оның қандай болған кезде тартымдырақ көрінетінін түсіну үшін эмпатия қажет-ақ.

Уеб-дизайнерлердің табысы қанша?

IT-дегі өзге мамандықтар секілді мұнда да жалақы көлемі жұмыс өтіліне байланысты. Жұмыс іздеуге арналған сервистердегі хабарландыруларды шолып шықтық. Мәселен, hh.kz сайтында енді бастап жатқан UI/UX дизайнерлерге 200 000 теңгеден жоғары айлық ұсынылған. Ал 3-6 жылдық өтілі барларға жұмыс берушілен 400 000 — 800 000 теңге аралығында жалақы беруге әзір. Айта кететін бір жайт, жалақы көлемі жұмыс өтілінен бөлек, машықтары, беделі, клиент саны да әсер етеді. Яғни мықты компаниялардың сайтын істеген портфолиосы бар маманның жұмыс өтілі аз болса да, жоғары айлық ұсынылуы әбден мүмкін. 

Уеб-дизайнда фриланс форматы кеңінен таралған. Өйткені жұмыс істеу үшін компьютер және интернет болса жеткілікті. Әлемнің қай жерінде жүрсе де, істей алады. Көбіне қашықтан істеуге келіскен кезде өтілінен бұрын, жұмыс сапасы мен жылдамдығы, портфолиосына баса мән береді. Себебі дистанстан істейтін мамандарға коммуникация орната білу маңызды. Егер штаттық формат емес, фрилансқа келісетін болса, онда төлем тәсілі алдын-ала келісіледі. Оның ішінде бекітілген сома ма, әлде әр өнім үшін жеке төлене ме — айтылады. Мысалы, сайттың басты беті мен оған жаңа бір айдар қосу үшін төленетін қаламақы екі түрлі болуы мүмкін. Шетел нарығына жасалған анализдерге қарасақ, уеб-дизайнерлердің жылдық табысы 25 миллион теңгеден асып жығылады екен.   

Сондай-ақ оқыңыз