Биыл бірінші жартыжылдықта Қазақстаннан 7 мың адам көшіп кетті. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Абулхатин мәлімдеді.
«Биыл геосаяси ахуал нәтижесінде көші-қон саласында оң процесс байқалды. Қазақстаннан шетелге 7 мың адам көшіп кетсе, сол мезгілде шетелден Қазақстанға көшіп келгендер саны – 13 612 адам. Көшіп келгердердің басым бөлігі – еңбекке қабілетті, жас мамандар», – деді Ерболат Абулхатин орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, қазір Қазақстанда 359 пана іздеуші және 327 босқын бар.
Сондай-ақ ол ішкі көші-қон дерегіне тоқталы.
«Жыл басынан бері 400 мыңға жуық адам ішкі көші-қон процесіне қатысты. Оның ішінде 182 мыңнан аса адам өңіраралық қоныс аудару процесіне өз үлесін қосты. Бұл адамдар мегаполистерге, оңтүстіктен солтүстік облыстарға көшіп келді», – деді Абулхатин.