Үкімет халықты жұмыспен қамту бойынша Президент тапсырмасының орындалуы туралы есеп берді
Фото: kursiv.media
Үкімет Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында, халықты жұмыспен қамту барысы туралы есеп берді. Ақпаратқа сәйкес, жастарды жұмыспен қамту бойынша кешенді жұмыс жүргізіліп, жыл басынан бері 303,3 мыңнан астам жас азамат жұмысқа орналасқан.
«ҚР Президентінің «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасын жүзеге асыру барысында – 142,9 мың адам, ұлттық жобаларды іске асыру кезінде – 80,9 мың адам, бос жұмыс орындарына – 79,5 мың адам жұмыспен қамтылды», делінген хабарламада.
Сонымен қатар биыл жастар арасынан 35,5 мың адам қоғамдық жұмыстарға тартылып, 18,7 мың ЖОО және ТжКБ түлегі игерген мамандығы бойынша бастапқы тәжірибе жинау үшін жастар практикасына жіберілген. 6,6 мың адам «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмысқа орналастырылып, одан әрі қарай тұрақты жұмысқа шықты.
Бұдан бөлек, Қазақстанда 5 жылға дейінгі мерзімге мөлшерлемесі 2,5%-дан аспайтын шағын несие беру арқылы жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіліп жатқаны хабарланған.
Бағдарлама аясында 2023-2025 жылдары барлығы 90,5 млрд теңге сомасына 18,2 мың шағын несие беру қарастырылған.
Атап айтқанда, 2023 жылы – 28,9 млрд теңгеге 5,8 мың, 2024 жылы – 30,3 млрд теңгеге 6,1 мың, 2025 жылы – 31,3 млрд теңгеге 6,3 мың шағын несие.
Жыл басынан бері 12,9 млрд теңге сомасына 2 915 шағын несие берілді.