Қазақстандық IT-мамандар ішінде инфлюенсер атына әбден лайық қыз-жігіт көп. Бірі шетелдік компаниядан оффер алып, табысты мансап жолының үлгісін көрсетіп жүрсе, енді бірі стартап бастап, оны сәтті жүзеге асырып жүр. Келесі бірінің жасаған мобайл қолданбасы топ жарған. Айтып тауысу қиын. Бір анық: бағдарламалаушылардың ішінде жастарға «краш» болатын адам іздесеңіз, табу қиынға соқпайды. Kursiv Media тілшісі ақпараттық технологиялар саласында көшбасшы болып жүрген, қоғамда ықпалы жоғары он бағдарламалаушыға жеке тоқталғанды жөн көрді.
Арман Сүлейменов. Instagram: @armansu
IT саласында өте танымал тұлға десек, артық болмайды. «Жас та болса, бас болған» деп Арман секілді мамандарға айтылса керек. Ол — nFactorial School деп аталатын, мыңдаған түлегі бар интенсив онлайн-буткампының негізін қалаушы. Кезінде Америкада Pinemelon.com деген онлайн-супермаркеттің басқарушы директоры, Үндістанда машинаны үйрету әдісін қолданып кредиттік скориң жасайтын Florence Capital компаниясының негізін қалаушылардың бірі болды. Сонымен бірге ол көпшілікке Zero To One Labs мобайл бағдарламалау студиясының CEO–сы ретінде етене таныс. Бағдарламалауға америкалық Пердью университетінің қабырғасында оқып жүріп қызыға бастаған. Сол кездің өзінде командасымен бірге жылдамдыққа компьютерлік тапсырмалар жасаудан халықаралық жарыстардың финалына шығып жүрген. Кейін 2010-2012 жылдары компьютерлік ғылымдар жайлы тереңірек білу үшін АҚШ-тың Принстон университетіне магистратураға түскен. Бітірген соң бір жылға жуық уақыт калифорниялық Collections компаниясында жұмыс істеп үлгерген. Қазақстанға оралған соң «Стартап өнері» деген атпен курс жасап, жаңа жобаларға кіріскен. Арман бағдарламалаушы ретінде ғана емес, интервьюер ретінде де мықты. Оның жүргізетін nFactorial Podcast подкастына келген қонақтарды әңгімеге тартуы, тең дәрежеде тілдесе білуі, аша білуі Арманның жан-жақты екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.
Әлібек Датбаев. Instagram: @datbayev
Booking.com-ға орналасқан алғашқы қазақ ретінде танымал. Дижитал номад, білікті менеджер, кәсіпкер әрі бағдарламалаушы. Павлодардан шыққан IT-маман. Сонау 2015 жылы Booking.com ұйымдастырған жарысқа қатысып, жылдамдыққа тапсырма орындаған Әлібек үздік шығып, әлемнің түкпір-түкпірінен қатысқан 500-ден астам қатысушының арасынан оза шабады. Барлық тапсырманы деңгейіне қарамастан «шашып» тастаған оны Booking.com үш күннен кейін сұхбаттасуға шақырады. Шешуші сұхбаттасудан соң оффер алған. Оған дейін Датбаев Силикон алқабында стартаптармен айналысып, екі жылдай Америкада тұрған. Жұмысқа шақырту алғаннан кейін бас кеңсе орналасқан Амстердамға көшкен. Әлі күнге дейін отбасымен сол жақта тұрады.
Нұрсұлтан Әмір. Instagram: @nursul.amir
Әлемнің алты бірдей алпауыт компаниясынан оффер алған Нұрсұлтанды да инфлюенсерлер тізіміне қоспауға болмас. Атап айтқанда, Google, Facebook, Amazon, Microsoft, Snapchat және TikTok сынды корпорациялар аттай қалап, жұмысқа шақырған. Алматылық жігіт — қазіргі БИЛ, бұрынғы ҚТЛ түлегі. Бакалавр дәрежесін Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде алған. 2018 жылы Сиэтл қаласында орналасқан Washington university-ге оқуға аттанады. Араға бір жыл салып кмопьютер ғылымдарының магистрі дәрежесін иеленеді. Оқу орнын аяқтаған бойда HBO компаниясына инженер-бағдарламалаушы болып орналасады. Өзінің сұхбаттарында айтуынша, Нұрсұлтан 2021 жылы америкалық 10-12 ТОП-компанияға түйіндемесін жіберген. Нәтижесінде алтауы жұмысқа алуға дайын екенін білдірген. Бүгінде ол командасымен бірге Snapchat-та AR және Monetization-мен айналысады. Америкадағы Сиэтл қаласында тұрады. Instagram парақшасында қазақша блог жүргізіп, IT туралы құнды ақпараттар жазып отырады.
Ботагөз Қошқарова.
Apple корпорациясында механикалық жүйелер инжернер-конструкторы болып істейді. Forbes under 30 қатарына кірген. Қызылордада дүниеге келіп, кейіннен отбасымен Алматыға қоныс аударған. Кішкентайынан шахмат ойнап, чемпионаттарға қатысып, жүлделі болған. 2013-2014 жылдары FLEX ба,дарламасының іріктеуінен өтіп, бір жыл америкалық мектепте оқып келеді. Содан кейін жоғары білімді де осы жақтан алғысы келетінін түсінеді. Осылайша уақыты келгенде құжат өткізіп, Бостондағы Northeastern University-ге түседі. Оқу орнының қабырғасында жүріп-ақ технологиялық компаниялардан тағылымдамадан өтіп, соның арқасында Apple корпорациясына жұмысқа тұруға мүмкіндік алады. Үш жылдан бері сонда істеп жатқан Ботагөз өнімнің калибровкасы мен сынақтары жүргізілетін тест станцияларының 3D дизайнын жасаумен айналысады.
Мағжан Мәдиев. Instagram: @madiyev
Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркінің бас директоры, қазақстандық танымал маркетплейстердің бірі — Naimi.kz негізін қалаушылардың бірі. Өзінің басты мақсаттарының бірі ретінде «Қазақстаннан 10 юникорн шығару» деп айтады. 2006 жылы мектеп бітірген соң Қытайға оқуға аттанады. Қытай тілін үйреніп, Фудань университетінде қаржыгер мамандығы бойынша білім алып шығады. Шанхайда студенттердің қауымдастығын құрып, Қытайда әлеуметтік желі бұғатталғандықтан Kazakh Connection деп аталатын жеке платформасын жасап көреді. 3 мыңнан астам қолданушы жинаған жобасы қаржыландыру болмағандықтан, тоқтап қалады. Әйтсе де, мұнымен тоқтамай интернет-дүкен, купондар агрегаторы сынды стартаптар бастайды. 2014 жылы Қазақстанға оралған соң досымен бірлесіп бүгінде көпшілікке танымал Naimi сервисін жарыққа шығарады. Astana Hub концепциясын да жасағандардың бірі — Мағжан. Стартаптардың экожүйесін дамыту үшін қазіргі таңда тынбай еңбек етіп келеді.
Назерке Қалидолда. Instagram: @calidolda
14 жасынан бастап бағдарламалаумен айналысады. Олай дейтініміз, сонау мектеп кезінен бері олимпиадаларға қатысып,тіпті бағдарламалаудан әлем чемпионатының жартылай финалына дейін жеткен. Силикон алқабындағы «ңә» бағдарламалау мектебіне түскен алғашқы қазақстандық екенін де атап өту керек. Назарбаев университетінде бакалавриатты аяқтаған Назерке Google компаниясының Париж қаласындағы кеңсесіне жұмысқа тұрады. Сол уақытта түрлі уоркшоп, кездесу ұйымдастырып, тағылымдамаларға бару жайлы кеңестерін бөлісіп жүреді. «Гуглдағы» жұмысын тым «жайлы әрі майлы кемік» санаған ол Exponential Program деген жобаға кіріседі. Бұл сайт арқылы ментор тауып, соның көмегімен шетелдік компаниялардан жұмысқа оффер алу жолын жеңілдетуге болады. Технологиялық компанияларға жұмысқа тұрудан, тағылымдамадан өтуден тәжірибесі мол, бұл туралы бес саусағындай білетін менторлар арқылы уақытты үнемдеп қана қоймай, оң нәтижеге жету ықтималын да арттыруға болады. Бұдан бөлек, Назерке іске асырған жобалар қатарында сурдаудармашы-робот бар. Бұрын BeInTech Ventures компаниясында аналитик болып істеген. Ол жерде корпорациялар мен стартаптардың серіктесе жұмыс істеуіне көмектесетін платформа жұмыстарымен айналысқан.
Аман Өтемұратов. Instagram: @aman.utemuratov
Швейцарияның Цюрих қаласында тұрады. Google компаниясында бағдарламалаушы. Шымкент қаласында қарапайым мектепті бітірген. Олимпиада жүлдегері, «Алтын белгі» иесі деген секілді атақтары да жоқ. Бакалавр дәрежесін Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінен алған. 2013-2015 жылдары еңбек жолын сол кездегі Қазкоммерцбанкте java бағдарламалаушы болып істеуден бастаған. Әрі магистратурада оқып, әрі банкте істеп жүрген Аман шетел асып, жұмысқа орналасу туралы ойлана бастайды. Сөйтіп жұмысқа кірген алғашқы шетелдік компаниясы — Амстердамдағы Booking.com. Екі жыл сонда істеген соң өзінің көптен бергі арманы болып жүрген Google-ға оффер алуды ойланады. Сөйтіп сұхбаттасудан сәтті өтіп, Цюрихтегі кеңсеге жұмысқа тұрады. Ол Youtube жарнамасына жауапты бөлімді істейді. Атап айтқанда, жарнама жүргізген брендтің қаншалықты танымал болғанын есептейтін командада фулстек-бағдарламалаушы.
Зарина Толағаева. Instagram: @zarina.seattle
Meta (бұрынғы Facebook) компаниясына қарасты Reality Labs бөлімшесінде продакт-менеджер болып істейді. 2021 жылдың қыркүйегінде оффер алған ол 2022 жылдың шілдесінде RPM – Rotational Product Manager бағдарламасы аясында жұмысқа кіріседі. Бұл бағдарламаның артықшылығы — 18 ай ішінде компаниядағы үш түрлі командада істеп көреді. Сөйтіп аяқталған соң, продакт-менеджер қажет команданың ішінен қалағанын таңдай алады. Қазіргі жұмысы — виртуал реалити қолданушыларының құпиялығын жақсартатын өнім жасау. Өзі Алматы қаласында туған, №105 гимназияның түлегі. Америкадағы Сentral Washington University-дің магистратурасын Data Analytіcs бағдарламасы бойынша тәмамдаған.
Шерзат Айтбаев. Instagram: @sherzat
Google компаниясының Нью-Йорктегі кеңсесінде senior engineer болып істейді. Қарапайым отбасында дүниеге келген. Америкада оқығысы келген ол арзандау болып тұрған North American University-ге түсуді көздейді. Өйткені басқа оқу орындары тым «қымбат» болған еді. Академиялық жетістіктері бар адамдарға жеңілдік беретінін естіген соң, Шерзат іске кіріседі. Өзі тағылымдамадан өткісі келетін 60 шақты компанияны тізіп шығып, барлығына түйіндемесін жібереді. Бірақ Amazon ғана жауап беріп, оффер ұсынады. Тағылымдама аяқталар тұста компания жұмысқа шақырады. Сол уақытта Google, Twitter сияқты компанияларға да СV жіберіп қояды. Нәтижесінде армандаған корпорациясы — Google-дан университет бітіргеніне үш апта өткен соң шақырту алып, бүгінде 5-деңгей — senior болып істейді. Алпауыт компанияда жеті жылдан астам уақыттан бері түрлі командада қызмет атқарып көрген. Оның ішінде Firebase, Youtube және Checks бар. Жұмыс барысымен Маунтин-вью, Лондон және Нью-Йорк қалаларында тұрған. Өзінің айтуынша, «Гуглда» жүздеген қазақстандық істейді екен. Компания ішінен қауымдастық құрып, бәрінің басын біріктірумен де айналысады.
Айболат Құлатай. Instagram: @aibolat.kulatay
Thousand IT Group компаниясының негізін қалаған. Айболаттың командасы бүгінде 30-дан астам мобайл қолданба жасап шығарған. Бір ерекшелігі сол — қазақ тілінде. Көпшілік өте жақсы білетін жобасы — Aqyl Battle. Компания мобайл қолданбадан бөлек, сайт, AR, VR және өзге де IT өнімдер жасаумен айналысады. Ақтөбе облысының тумасы, Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің түлегі. Студент кезінен бері стартап жобаларға қатысып, ішінен топ жарып шыққан кездері де жиі болған. Айболат әлі күнге дейін IT-форумдар аясында ұйымдастырылатын жарыстарға қатысып, питч жасайды. BI Group, Home Credit, Center Credit Bank сынды отандық танымал компаниялармен бірлесіп, жүзеге асырған жобасы көп. «Ақыл батлдан» бөлек, ITeka, Saz alemi жобалары жұртшылық назарын аударып, көңілінен шықты.