Фото: kursiv.media
Биыл 3,6 миллион оқушы мектепке барады. Материалдық көмекпен қамтылатын бала 400 мыңнан астам. Оқу құралдарын сатып алуға арналған қаражаттың мөлшері – 40 567 теңге. Бұл сомаға дайындық қалай болмақ? Ата-ана, оқушымен Алматы базарын араладық.
Қыз баланың мектеп формасына кететін шығынды есептеп көрелік.
Жейделер бағасы 4500 теңгеден басталады. Бұл ауа өткізбейтін, полэстер матадан. Сапалы, сәнді жейде аламын десеңіз 7000 теңгеге табуға болады. Бейжің, Бішкекте өндірілген киімдер арзандау. «Түркияда жасалған» деген киімдердің бағасы айтарлықтай қымбат. Биылғы сәндегі теннис юбканың құны – 5600 теңге. Сарафан 7000 теңгеден басталады. Трикотаж жилет 5000-9000 теңге аралығында. Оқушы қыздың бантигі – 900 теңге. Ең арзан майка – 2500 теңге. Кемінде 1 ай тігісі сөгілмейтін колготки – 1500 тг. Спорттық киімдеріне келер болсақ, спорттық ким 13 000 теңгеден басталады. Футболка –4000 тг. Оқушыға екемінде екі аяқ киім керек дейді. Бірі – классика, екіншісі – спорттық аяқ киім. Мұнда классикалық туфли бағасы 12 000 теңге. Спорттық аяқ киімнің ең арзаны 8000 теңге. Оқушы қызды бастан-аяқ дайындауға кеткен сома – 66 500 теңге.
Ұл баланың мектеп формасына кететін шығынды есептеп көрелік.
- Жейде – 6500 теңге
- Шалбар – 8000 теңге
- Костюм-шалбар (үшеулік) – 28 000 теңге
- Футболка – 4000 теңге
- Спорттық киім – 14 000 теңге
- Туфли – 13 500 теңге
- Спорттық аяқ киім – 10 000 теңге
- 1 дана шұлық 350 теңгеден басталады.
- Галстук – 1200 теңге.
- Белдік – 2500 теңге.
Ұл баланы бастан-аяқ дайындауға кеткен сома – 88050 теңге.
Киім-кешектен соң, оқу құралдарынсыз болмайтыны белгілі. Базар алды жаймалардағы кеңсе тауарларының бағасымен бір оқушының оқу құралына қанша ақша кететінін есептедік.
Дәптер – 30 теңге. Бір тоқсанға оқушыға 20 дәптер керек десек, 600 теңге жай дәптерге кетті. Дәптер қабының қаптамасы – 600 теңге, қаптамада 20 данасы бар. Дәл осындай кітап қабы қаптамасы – 900 теңге. Қаптамада 10 дана болатын пәндік дәптерлер – 3200 тг. Бір қорап қара қарындаш – 350 теңге. Түрлі түсті қарындаш қорабы – 1000 теңге. Пенал – 1000 теңге. Сызғыш – 100 теңге, қаптамадағы жиынтық – 500 теңге. Өшіргіш – 130 тг, ұштағыш – 170 тг, желім – 150 тг. Сурет дәптері – 800 теңгеден басталады. Осының бәрін салатын сөмке бағасы – 10 000 теңге. Бір баланың оқу құралының шығыны 19 500 теңге болды.
Енді мектеп форма мен кеңсе тауарларын қосып есептегенде қызға 86 000 теңге, ұл балаға 107 550 теңге сомасында қаржы жұмсалады. 4-5 баласы мектепте оқитын отбасылар қалтасына түсетін салмақ қандай болатынын шамалай беруге болады.
Оғу-ағарту министрлігі жаңа оқу жылының мектеп формасы қандай болатынын ашық талқылауға салған еді. 2023 жылдан бастап:
ер балаларға арналған мектеп формасы: пиджак, желетке, мерекелік жейде, күнделікті жейде. Түймелі немесе сыдырмалы тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе тенниска (қыс мезгілінде: трикотаж жилет, водолазка). Шалбарлар еркін тігілген, ұзындығы тобықты жауып тұрады
Қыз балаларға арналған мектеп формасы: пиджак, жилет, белдемше, шалбар, классикалық жейде. Түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе тенниска (қысқы уақытта: трикотаж жилет, сарафан, водолазка). Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.
Мерекелік формаға (ұлдарға ақ жейде, қыздарға ақ блузка) қойылатын талап алып тасталды. Сонымен бірге, галстук тағу енді міндетті емес. Мектеп формасына орта білім беру ұйымының ерекшелік белгілерін (белгілер, тігіспелер, шеврон және басқа) орналастыруға рұқсат етіледі. Мектеп формасына арналған маталар ретінде сапасы жақсартылған, тез тозбайтын, бактерияға қарсы, микробқа қарсы және антистатикалық қасиеттері бар жартылай жүн және мақта маталарды қолданған жөн.