Мерзімді әскери қызметке шақырушылар арасынан Мемлекеттік күзет қатарына сарбаздарды іріктеу басталады
ҚР Мемлекеттік күзет қызметі мерзімді әскери қызметке шақырылушылар арасынан іріктеу басталатыныны хабарлады. Бұл туралы мекеменің баспасөз қызметі хабарлады.
Үміткерлерді Мемлекеттік күзет қызметінің мамандары өздері іріктейді. Шара 1 қыркүйек пен 5 қазан аралығында барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда жүргізіледі.
«Үміткерлерге келесі талаптар қойылады: жасы 18-27 арасында, бойы 180 см-ден төмен емес және 195 см-ден жоғары емес, білімі орта білімнен төмен емес, денсаулығы жақсы. Жоғары білімді, спорттық жетістіктері мен разряды бар шақырылушыларға басымдық беріледі», делінген хабарламада.
Ақпаратқа сәйкес, Мемлекеттік күзет қызметі қатарына өткен шақырылушылар мерзімді қызметін Астана және Алматы қалаларындағы 0112 және 0111 әскери бөлімдерінде атқарады.
«Мемлекеттік күзет қызметі қатарында мерзімді қызмет сарбаздары Қазақстан Республикасы Президентінің және басқа да күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қорғау, рәсімдік және протоколдық іс-шараларға қатысу, ҚР Мемлекеттік Туы мен ҚР Мемлекеттік Елтаңбасы эталондарын күзету секілді айрықша міндеттерді атқарады», делінген ақпаратта.
Сондай-ақ, жас сарбаздар әскери іске үйреніп, жауынгерлік және арнайы даярлық сабақтарында әскери мамандықтарды меңгереді.
Мемлекеттік күзет қызметінде атап өткендей, осы мекемеде әскери борышын өтеген сарбаздардың кадрлық тұрғыда өсуге мүмкіндігі бар.
«Мерзімді қызмет аяқталған соң олар өз қалауы бойынша келісімшарт бойынша әскери қызметті жалғастыра алады, одан әрі арнаулы мемлекеттік органның қызметкері және офицері болып, күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді атқара алады», делінген хабарламада.
Барлық қосымша сұрақтар бойынша +7 776 800 27 28 телефон нөмірі бойынша хабарласуға болады.