Реферал бағдарлама: досыңызды әріптес еткеніңіз үшін ақы төленеді. Қазақстан тәжірибесі

Жарияланды
shutterstock

Мықты маманға әркімнің-ақ бар таласы. Сондай талантты қызметкерді компанияға тартқаныңыз үшін ақша беретін бағдарлама да бар. Әрине, мұндай бонус жүйесін барлығы бірдей пайдалана бермейді. Десе де, кейінгі кездері қазақстандық компаниялар да реферал бағдарлама енгізіп, досын әкелген адамға бонус беру мәдениетін қосып жатыр. Бұл жүйе қалай жұмыс істейді? Еліміздегі компаниялар қандай шарттар ұсынып отыр? Осы туралы айтамыз. 

Қызметкерлерге арналған реферал бағдарлама деген не?

HR-дағы реферал бағдарлама дегеніміз — сол компанияда істейтін қызметкерлердің ұсынысы арқылы кандидат тарту тәсілі. Әдетте, рекрутиңде мұны қызметкер іздеудің өзге де әдістерімен араластырып, комбинация жасайды. Мысалы, бір вакансия ашылса ол туралы job-порталдар мен әлеуметтік желідегі парақшаларға хабарландыру да береді, сонда істейтіндердің таныстарын да қарастырады. Мұндағы басты керегі — сол орынға лайық маман табу. Бүгінгі таңда реферал рекрутиңдік бағдарламалар қызметкерді жұмыс алудың ең тиімді құралдарының бірі саналады. Әрі үлкен, заманауи компаниялар арасында мейнстримге айналып келеді. Бұлай болатын себебі: әлдекімнің ұсынысы арқылы жұмысшы алғанда бюджет үнемделеді. Сонымен бірге компания ішіндегілер нағыз керек адамның кім екенін, қандай болуы керегін жақсырақ біледі. Осылайша су түбінде жатқан таза, мінсіз асыл тас табу ықтималы арта түседі.  

Бұл бағдарламаның қандай артықшылығы бар?

         Реферал рекрутиң кезінде арнайы реферал сілтемелер пайдаланылады. Мұндай ұсыныс арқылы қызметкер іздеу бағдарламасының артықшылығы өте көп:

  • Вакансияны жабуға әлдеқайда азырақ уақыт кетеді;
  • Іздеуге бюджет те азырақ жұмсалады;
  • Жаңа ұжымдас табуға команда жұмылады;
  • HR бренд дами түседі.

 Осы тектес жобалардың тиімді екенін әлемдік тәжірибеден-ақ байқауға болады. Өйткені реферал бағдарламалар қызметкер іздеуге арналған құралдардың ішінде әлемдік статистикада алдыңғы қатарда тұр. Егер алготримін дұрыстап құра алса, әрі тұрақты түрде мониториң жасалып тұрса, онда аса тиімді тәсіл екенін көп ұзамай көрсетеді. Бірақ кемшілігі де жоқ емес. Соның ішінде әлдекімді белгілі бір позицияға ұсынған кезде таныс яки досының машығын, кәсібилігін асыра бағалап жіберуі мүмкін. Сонымен бірге субординация сақталмай қалатын кездер де болады. 

Реферал бағдарламаның жұмыс принципі

Бұған дейін айтқанымыздай, реферал рекрутиңнің бір жақсы тұсы — компанияның ұжымдық мәдениетімен етене таныс, сол компанияға жаны ашитын қызметкердің ұсынысы арқылы іске асатыны. Бір жағынан жұмыс процесін жақсартып, алға тартуға көмектеседі. Екінші жағынан ұсыныс жасап, адам тауып бергені үшін оған сыйақы қарастырылған. Әр жерде бағдарлама шарты әр түрлі. Мәселен жаңадан алынған қызметкердің айлық ақысының 10 пайызы мөлшерінде сыйақы беріледі деуі мүмкін. Оның жартысын бірден берсе, екінші бөлігін әлгі ұсынған кандидат сынақ мерзімінен сәтті өткен соң төлейді.  

Бұдан бөлек, эйчар-мамандар арасында осыған ұқсас тағы бір тәжірибе бар. Яғни басқа компаниялардың HR-бөлімінде істейтін әріптестерінен көмек сұрауы мүмкін. Ендігі бір түрінде бір кәсіби маманды тауып, бөлімді жаңадан құру керек болғанда команда жинауға тапсырады. Яғни рекрутер бар болғаны бір мықты маман тапса жеткілікті. Қалған адамдарды сол қызметкер өзі іріктеп, шақырып, тартады. Бұдан бөлек, кандидатты компанияның топ-менеджментінен біреу ұсынуы мүмкін. Оның кәсіби салада танысы көп. Сондықтан көзі түскендер болса, компанияға керек дегенін шақырып алуы мүмкін. 

Бағдарлама қатысушылары мен түрлері

  •   Қызмет түрлерін сатумен айналысатын компания, сайт немесе сервис;
  • Реферал — бағдарлама аясында жұмысқа алынған қолданушы немесе қызметкер;
  • Рефер — қатысушының тартқан адам;

         Реферал бағдарламаның мынадай негізгі екі түрі болады:

  • Біржақты. Жаңа қызметкерді компанияға әкелген рефер ғана бонус алады;
  • Екіжақты. Мұндайда бонус реферге де, рефералға да беріледі. 

Жаңа кандидат тартудың басты тәсілдері

Рефералдар тарту үшін қызметкрелер, эйчарлар мен рекрутерлер пассив және актив тәсілдерді пайдалануы мүмкін. Пассив түрінде рефер вакансияға сілтемені жазба не пікір түрінде қалдырады. Осылайша басшылық жаңа кандидаттардың қайдан келгенін көріп, сыйақы тағайындайды. Ал актив түрінде рефер айналасынан «дәл осы жұмысқа лайық» деген кандидатты арнайылап, өздігімен іздейді. Олармен сөйлесіп, компаниядағы жұмыс туралы айтып, қандай артықшылығы барын жеткізіп, қызметкерлеріне компания ұсынатын түрлі қызметті айтып, мақтайды.

Реферал рекрутиң бағдарламасын жасауға кіріспес бұрын оның мақсаттарын сипаттап, жазып шығу керек. Ол дегеніміз түрлі формада болуы мүмкін. Айталық, ұсыныс механикасын қолдану арқылы бос жұмыс орындарының 70 пайызға жуығын жауып отыру керек деген нақты KPI қоятындар болады. Енді бірі белгілі бір тапсырмалар бекітіледі: вакансияларды жабу уақытын қысқарту, ұсынылған кандидаттың «құнын» азайтыңқырау, іздеушілердің санын көбейту, жұмыс берушінің брендінің ауқымын кеңейту және т.б.

Оперативтік және стратегиялық мақсаттардың реферал бағдарламада үйлескені — қалаған нәтижеге жетуге әсер етеді. Соның ішінде стратегиялық маңызы жоғары тапсырмалардың бірі — жұмыс беруші брендімен жұмыс. Яғни әріптестерінің ұсынысы арқылы компания жұмысқа орналасқандардың, бағдарлама қатысушыларының саны көп болуы табысты бағдарлама болғанын білдіреді. Тұрақты HR брендтің классикалық көрсеткіштерінің бірі де — осы. Вакансия ұсынуға қатысты және жасалатын қадамдардың нақты алгоритмі болса, командаға жеңілірек. Ондай кезде қызметкерлер өз компаниясының брендіне қуана-қуана амбассадор болып шыға келеді.

Сыйақы жүйесі жайлы

Сыйақы тағайындау жүйесінің барынша түсінікті болғаны жақсы. Өйткені ол — реферал бағдарламаның басты тірегі. Баса мән бермесе болмайды. Мұндай бағдарламада бонустар, ақшалай сыйақы, қосымша демалыс күндері, сыйлықтар, түрлі курстардан тегін өтуге мүмкіндік секілді нұсқалар қарастырылуы мүмкін. Бұл — әр компанияның өзі қабылдайтын шешімі. Бірақ осы айтылған сыйақы түрі қызметкерлерді қызықтыруы шарт. Егер айтарлықтай wow әсер сыйламаса, қызметкерлер кандидат іздеуге құлықсыз болады. Сонымен қатар, сыйақы беру жүйесін сипаттаған кезде компаниядағы жалақы мөлшеріне үйлесіп, сай келуі қажет. Ал төлем таймиңі болса ашық жариялануға тиіс. Бұған дейін айтқанымыздай, қызметкерлерге бұл жүйе толықтай түсінікті, артық сұрақ тудырмайтындай болуы керек. Ендеше, реферал бағдарлама енгізу үшін неден бастау керек? Назарыңызға чек-лист ұсынамыз.

  1. Бағдарлама арқылы шешімін табуы керек шаруалар яки тапсырмаларды анықтаймыз; 
  2. Реферал бағдарламаны тоқсандарға бөліп, енгізетін стратегиялық жоспар құрамыз;
  3. Алгоритмін ойластырамыз: осы іске кірістірілген әр аудиторияға — жетекшілер, рекрутерлер, төлеммен айналысатын бөлімнің қызметкерлеріне бағдарламаның іске асырылу жолын түсіндіреміз;
  4.  Реферал мәдениеттің маркетиң жоспарын сипаттаймыз: ақпараттық материалдар, жарнама каналдары, оны қандай жолмен дамытатынымызды — бәрін жазып шығамыз.
  5. Компаниядағы реферал рекрутиңнің тиімділігін есептеуге арналған көрсеткіштерді анықтап, таңдап, мақұлдаймыз.

Қазақстан компаниялар тәжірибесі

 Kolesa group. Реферал бағдарлама 2017 жылдан бері енгізілген. Бастапқыда компания қызметкерлері таныстарынан шақырып, тарта бастаған. Нақты сол ұсыныс арқылы келген қызметкерлердің жұмыста жақсы нәтиже көрсетіп, сұхбаттасудан сәтті өткенін байқаған компания бағдарлама енгізуге шешім қабылдаған. Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сүйенсек, танысын ұсынуға әрбір қызметкердің құқығы бар. Мықты маманды ұсынғаны үшін 50 мың теңге мен 500 мың теңгеге дейін сыйақы қарастырылған. Ол үшін сайтқа кіріп, ұсыныс формасын толтыру керек. Рефер өзінің және ұсынатын досының байланыс нөмірін қалдырады. Кейін кандидат сұхбаттасудан өтеді. Егер үміткер өисе, онда сынақ мерзімі біткен соң ұсынған қызметкерге сыйақы беріледі. Мөлшері кандидаттың деңгейі мен позициясына байланысты бекітіледі.

  SAP Kazakhstan. ТМД аумағында реферал бағдарламаны компания 2013 жылдан бастап енгізген. Бірақ тек сыртқы нарықтағы кандидатты ұсынуға болады. Компания ішінде жоқ екен. Реферал бағдарлама арқылы жылына қызметкерлердің 20 пайызға жуығы жұмысқа алынады деседі. Кандидат ұсыну үшін қызметкер таланттармен жұмыс істеуге арналған платформаға кіреді. Вакансияларды қарайды да, ішінде өз ұсына алатындай кандидат болса, профайлын толтырады. Байланыс нөмірінен бөлек, рекрутерге арналған ұсынысхатты қоса жолдайды. Осыдан соң жұмыс іздеуге көмектескен қызметкердің поштасына сілтемесі бар хат келеді. Егер дәл сол ұсыныстан кейін үміткер жұмысқа алынса, онда реферге бонус беріледі. Мөлшері кандидаттың қандай лауазымға орналасқанына байланысты.

 Prime Source. Реферал бағдарламаның енгізілгеніне бес жылға жуық уақыт болған. Көбіне бағдарламалаушы, аналитик, проджект менеджерлер алынады. Компанияда сыйақының екі түрлі деңгейі бар: бірі — мамандарға, бірі — жетекшілерге. Бағдарламалаушылар кандидат ұсынғаны үшін 50 мың теңге алады. Ал team lead, senior, project manager болса, 100 мың теңге шамасында беріледі.  

Gerat Disrtribution. Cайттағы мәліметке сүйенсек, сайтқа реферал ретінде тегін тіркелуге болады. Бірақ бұл бағдарлама сәл басқаша. Компания серіктес бағдарлама қатысушысы болуға шақырады. Яғни жеке кабинетке кіріп, тіркеліп, арнайы сілтеме алып, сол арқылы сіздің ұсыныс бойынша статистиканы қарап отыра аласыз. Яғни сіздің реферал сілтемеңіз арқылы өткен қолданушы үшін компания сізге бонус төлейді. Өзгерек дегеніміз осы. Көбірек табыс табу үшін әлеуметтік желіде бөлісіп, жарнамасын жасасаңыз болады. Егер қолданушы сіздің сілтемемен кіріп, компания өнімін сатып алса, соның құнының 5-20 пайызы сізге беріледі. Осындай бонус ұсынатын компания елімізде аз емес.

Technodom Kazakhstan. Компания кодты керемет жазатын, бүгінге дейін 1045 сайт пен қолданба жасап көрген, кеңседе жұмыс істегісі келетін таныстарын ұсынуға мүмкіндік береді. Ол үшін бар болғаны сайтқа кіріп, вакансиялар тізімімен танысып, лайық кандидат болса, ұсынуыңыз керек. Досыңыз үш айлық сынақ мерзімінен сәтті өтуі шарт. Содан кейін сыйақы ала аласыз.    

Redmadrobot Asia. Компания командасына Орталық Азия нарығына арналған дижитал өнімдер жасай алатын адамдарды үнемі іздеп, алып отырады. Кандидат ұсынасыз, ол сіздің ұсыныңыз арқылы келгенін растауы керек. Сұхбаттасудан өтіп, сынақ мерзімін тәмамдаған соң сізге ақшалай сыйақы беріледі. Мөлшері маманның деңгейіне байланысты бекітіледі. Мәселен, middle — 200 000 теңге, senior — 400 000 теңге.

Strong Team. Командаға досыңыз туралы ақпарат бересіз, түйіндемесі мен байланыс нөмірін жібересіз. Егер сұхбаттасудан сәтті өтсе, онда бонус аласыз. Мысалы, мидл үшін — 400 000 теңге, сеньорға — 500 000 теңге сыйақы.

Сондай-ақ оқыңыз