Жаңалықтар

Жетісудағы «Бұрқан-бұлақ» сарқырамасына салынатын жолға облыс бюджетінен 94,8 млн теңге бөлінбек

Фото: kursiv.media

2024 жылы Қора шатқалындағы «Бұрқан-бұлақ» сарқырамасына дейін жол салынады. Ол үшін облыс бюджетінен 94,8 млн теңге бөлінеді. Бұл туралы «Vizit Zhetysu» туристік орталығының басшысы Жандос Нұриев БАҚ өкілдері үшін арнайы ұйымдастырылған пресс-турда айтты.

 «Vizit Zhetysu» туристік орталығының ашылғанына 10 айдан асты. Олар ұйымдастыратын сапарлардың бірі «Бұрқан-бұлақ» сарқырамасына баратын екі жол бар. Бірі қысқа, бірі ұзын Қапал арқылы өтетін айналма жол.

«Біз Текелі арқылы баратын қысқа жолды жоспарлап отырмыз. Ол «Бұрқан-бұлақ» сарқырамасына дейін 52 шақырымды құрайды. Қазіргі уақытта жолдың техникалық паспорты әзірленді, топографиялық түсірілім жүргізіліп, инженерлік-геодезиялық есеп дайындалды. Судың максималды шығынын анықтау үшін инженерлік-гидрологиялық есептеулер жүргізілді.  Бұрқан-бұлаққа  жол салуға облыстық бюджеттен 94,8 млн.теңге бөлінді», – деді «Vizit Zhetysu» туристік орталығының басшысы Жандос Мәлікұлы.

«Бұрқан-бұлақ» сарқырамасы туралы естуіңіз бар ма?

Бұрқан бұлақ – Орталық Азиядағы ең биік, айналасы әсем сарқырама. Ол Жетісу Алатауындағы Қора өзенінің аңғарында орналасқан. Төрт қиядан құлай аққан сарқыраманың жалпы биіктігі – 168 метр. Ал көз жететін төменгі үш қиясы – 114 метр. Сарқырама теңіз деңгейінен 2000 метр биіктікте орналасқан. Сарқырама құятын Бұрқан бұлақ өзені Қаратаудан бастау алады. Бүгінде мұнда келетірн саяхатшылар саны көбейіп, Бұрқан-бұлақтың танымалдылығы жыл сайын артып келеді.

«Жолсызбен келудің қиындығына қарамастан айына 300-500-ден аса саяхатшылар келеді. Көбіне Германия, Ұлыбритания, Ресей, ТМД елдерінен туристер көп келеді. Биыл Индиядан бірінші рет қонақтар келді. Мамыр айынан қыркүйек айына дейін күн суытқанша жұмыс істейміз. Саяхатшыларды Талдықорғаннан арнайы  жол талғамайтын арнайы көлікпен алып кетеміз және апарып тастаймыз. Жол салынса, саяхатшылар үшін жағдайлар жасалса, Жетісудың көркем табиғатына жол ашылар еді»,- дейді демалыс орынның менеджері Екатерина Николаева.

Айта кету керек, «Бұрқан-бұлақ» демалыс орны 50 адамға арналған. 8 орынды 4 үй және 12 адамға арналған VIP үлкен үй.

Бағасы: бір адамға эконом нөмірлер – 17 мың,  VIP – 22 мың теңге.

Трансфер құны бір адамға – 12 мың теңге.

Сапар барысында журналистер киелі жер – Әулие таста болып,  Жетісу облысының туристік бағыттарымен танысты.

«Respublica» партиясының Жетісу облыстық филиалы мен «Vizit Zhetysu» туристік орталығының ұйымдастыруымен өткен үшкүндік пресс-тур аясында БАҚ өкілдері сонымен қатар Балхаш көлінде болып, туризм саласындағы  мәселелерді көтерді.