12 адам сібір жарасын жұқтырған Ақмола облысындағы ауылға карантин жарияланды
Ақмола облысындағы Үшқарасу ауылында мал қырылып, адамдар сібір жарасы ауруымен ауруханаға жатқызылды. 1 қыркүйекте ауыл карантинге жабылады. Бұл туралы облыстық Ветеринария басқармасы мәлімдеді.
«2023 жылғы 28 тамызда Ақмола облысы бойынша СЭС департаментінен Жарқайың ауданында ЖШС жұмыскерлерінде «сібір жарасы» ауруына күдіктену оқиғалары тіркелгені туралы хабараландыру келіп түсті»,-делінген ведомство дерегінше.
Директордың айтуынша, ЖШС-ға тиесілі 32 бас ірі қара өлген. Қырылған мал жойылды. Комиссия етті тәркіледі.
«Есіл аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне 12 адам жатқызылды. Сондай-ақ, байланыста болған 22 адам анықталды, олар Жарқайың орталық аудандық ауруханасының медицина қызметкерлерінің бақылауында. Клиникалық көрінісі бойынша «сібір жарасы» диагнозы қойылды. Науқастар клиникалық хаттамаға сәйкес ем алады, детоксикация терапиясы, антибиотикалық терапия жүргізілуде», делінген ақпаратта.
Санитариялық қызмет эпидемияға қарсы іс-шаралар өткізуде. Ауданның бас санитария дәрігерінің Қаулысына сәйкес байланыста болған адамдарға медициналық бақылау белгіленді.
Барлық тексерілген орталықта қорытынды дезинфекция жүргізілді.
Оқиға орнында СЭС, денсаулық сақтау, ветеринариялық бақылау комитетінің аумақтық инспекциясы және ветеринарлық басқарма қызметкерлерінен құралған жұмыс тобы жұмыс істеуде.
Ертең Үшқарасу ауылының аумағында карантин жарияланады. Жұқтыру ошағын жою жұмыстары жүргізілуде.
Үшқарасу ауылындағы аудандық ішкі істер бөлімінде ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауды шектеу туралы жазбалар ілінді. Ауылға кіре берісте (шыға берісте) полиция жасақтары қойылып, кіретін-шығатын көліктер мен тұрғындар есепке алынуда.