5 жылда елімізде орта білімді қаржыландыруға 4,5 трлн теңге жұмсалған
Елімізде орта білімді қаржыландыруға кететін қаражат көлемі бес жылда 4,5 трлн теңгеге дейін артқан. Бұл жайлы Amanat партиясының кеңейтілген отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов айтты.
«Орта білім беруді қаржыландыру тек соңғы 5 жылдың өзінде 2 еседен астам немесе 2 трлн-нан 4,5 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды. Осы мақсатта «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру басталды. Жоба аясында 369 мектеп салынады. Бұдан басқа, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры құрылды. Осы қорда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар шеңберінде мемлекетке қайтарылған қаражат жинақталады. Бүгінгі күні Қорға 120 млрд теңге түсті. Оның 97 млрд теңгесі 62 мектеп салуға жұмсалды», деді ол.
Ал жоғары білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жыл сайын отандық университеттерде білім беру гранттарының саны артып келе жатқанын айтты. Осы жылы бөлінген 88 мың гранттың73 мыңы биылғы мектеп түлектеріне берілген.
«Ертеңнен бастап 380 мыңнан астам студенттің стипендиясы өседі.
Тек соңғы 3 жылда 1 студентке жұмсалатын шығыстар орта есеппен 420 мыңнан 1 млн. теңгеге дейін өсті. Студенттерді жатақханалармен қамтамасыз ету де маңызды мәселе. 2020 жылдан бастап жыл сайын жатақханаларда 10 мың орын пайдалануға беріледі», деді Әлихан Смайылов.
Жатақханалар құрылысын мемлекеттік субсидиялау бағдарламасы шеңберінде қазірдің өзінде 99 жатақхана пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 32-сі ашылмақ.
Бұл жатақханаларда тұратын халықтың әлеуметтік осал топтарының жекелеген санаттарынан шыққан, басқа қаладан келген студенттердің тұру шығындары өтеледі. Сонымен бірге үкімет басшысы жаңа оқу жылынан бастап жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары құрамының жалақысы 20%-ға дейін артатынын айтты.
Сонымен бірге 2023-2025 жылдар аралығында ғылымды қаржыландыру көлемі 643 млрд теңгені құраған. Оның 149 млрд теңгесы осы жылы бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,5 есеге көп. Өткен жылы 1 700 жетекші ғалымның жалақысы 70%-ке өскен.