Максим Галкин Қазақстанда концерт өткізе алмай жүргенін айтты

Жарияланды
галкин
Фото: instagram.com/maxgalkinru/

Ресейлік артист, актер Максим Галкин Қазақстанда концерт өткізуге қатысты қиындық туындағанын мәлімдеді. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялап, оның концерттеріне мемлекеттік деңгейде тыйым салынғанын айтты.

«Бір қызығы Қазақстанда концерт өткізуге қатысты қиындықтар бар. Оның ішінде мемлекеттік деңгейде Астана мен Алматыда менің концертімді өткізуге кедергі келтіріп жатыр», – деді Галкин.

Айтуынша, бірнеше айдан бері Қазақстан концерт өткізуге рұқсат сұраған, алайда бұл әрекетінен нәтиже шықпаған.

«Ойдан шығарылған себептер мен тыйымдар бар. Билет сатыла басталды, алайда кейіннен билетті сату тоқтатылды. Менің концерттерімді өткізуден қорқып отырғанына қарағанда, мен Қазақстан билігі үшін қауіпті шығармын», – деді ол.

Артист Қазақстанды жақсы көретінін, кейінгі бір жарым жыл ішінде отбасы мен жақындары төңірегіндегі жағдайға байланысты қазақстандықтардың ыстық ықыласына бөленгенін айтты. Сондай-ақ күндердің бір күні концерт өткізетініне сенім білдірді.

Айта кетейік, Максим Галкин мен Алла Пугачева Ресей Федерациясының Украинаға қарсы соғысты бастағаннан кейін балаларымен бірге Ресейден кетті. Содан кейін Галкин Ресейдің әрекетін сынаған болатын. Ресейдің Әділет министрлігі Максим Галкинді «иноагенттер» тізіміне енгізді.

Сондай-ақ оқыңыз