Қазақстанда ешкім биліктен басқаша ойлағаны үшін қудаланбауы керек – Жақиянов

Жарияланды

Фото: ашық дереккөзден

Павлодар облысының экс-әкімі Ғалымжан Жақиянов осындан 20 жыл бұрын өзіне қарсы ашылған істердің «қылмыс құрамы жоқ» деген тұжырыммен ресми түрде жабылғанын айтып, Қазақстанда ешкім биліктен басқаша ойлағаны үшін қудаланбауы керек деп мәлімдеді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Оның айтуынша, 20 жыл бұрын оған қатысты қозғалған қылмыстық істердің жақында қайта көтерілген. Алайда Жақиянов мәселенің құқықтық жағы анықталмағанша пікір білдірмеген.

«Алдымен айтарым, бұл істердің бәрі мен Құсмұрын колониясында отырған кезімде ашылған. Сондағы Назарбаевтың тапсырмасымен колонияға келген шабармандар, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылары өздерінің мақсаттарын жасырмады. Олар мені саясаттан және Қазақстандағы демократия үшін күрестен бас тартуға, жазбаша және видео арқылы президенттен кешірім сұрауға мәжбүрлегісі келді. Талаптарын орындамаған жағдайда үстімнен жаңа қылмыстық істер ашып, мені түрмеге мәңгілікке қамаймыз деп қысым жасады. Маған қарсы көптеген «дәлел материалдар» бар деп қорқытпақшы боп, әкелген жәшіктеріне қарай сілтегендері есімде», – деп жазады Жақиянов.

Алайда ол бопсаға көнбей, ҰҚК-мен жұмыс істеуден бас тартқан соң, 10 шақты қылмыстық іс қозғалыпты. Тағылған айыптардың заңдық сапасы да төмен болған.

«Алайда, бірнеше тергеу әрекеттерінен кейін қылмыстық қудалау нәтиже бермейтініне және де мені саяси өкіндіруден ештеңе шықпайтынына КНБ-ның ғана емес, ел басшылығының да көзі жетті. Амал қалмаған соң, билік мені түрмеден шығаруға мәжбүр болды. Осылайша, 2006 жылы сот шешімімен мен шартты түрде мерзімінен бұрын (УДО-мен) босатылдым», – дейді ол.

Содан бері қозғалған қылмыстық істердің материалдары саяси қудалау «конторасында» жатқан. Осы 20 жыл ішінде Жақияновтың адвокаттары тиісті мемлекеттік органдарға арыз бен талап жазып келген. Биыл осы істер толық жабылған.

«Бірақ мен ол істердің жабылуымен ғана әділет толық орнады деп есептемеймін. Сол заңсыз әрекетке қатысы болған лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту жайында заңгерлермен кеңесіп отырмын. Мен оны кек алу мақсатымен жасап отырған жоқпын. Шын мәнісінде, маған және басқа да саяси қуғынға ұшыраған адамдарға қарсы ашылған осындай жалған істер биліктің ең басында ұйымдасқан қылмыстық топ қалыптасқанын көрсетеді. Қазақстанда ешкім биліктен басқаша ойлағаны үшін және бейбіт саяси күресі үшін қудаланбауы керек», – деп жазады.

Жақиянов – Қазақстанның демократиялық таңдауы оппозициялық қозғалысы негізін қалаушыларының бірі. 1997–2001 жылдары Павлодар облысының әкімі болса, 1994–1997 жылдары Семей облысын басқарған. Ол қызмет бабын асыра пайдаланды деген айыппен 2002–2006 жылдар аралығында түрмеде отырған. Сол жылы шартты түрде босап, 2012 жылы отбасымен АҚШ-қа көшіп кеткен.

Сондай-ақ оқыңыз