Өз қаражатын ғылымды дамытуға жұмсайтын инвесторларға 150% салықтық жеңілдік қарастырылады

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Өз қаражатын ғылымды дамытуға жұмсайтын инвесорларға салық төлеуде 150 пайыз жеңілдік беріледі. Бұл жайлы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.

«Қазіргі уақытта ғылыми-техникалық саясат туралы үлкен заң қабылданғалы жатыр. Қыркүйек-қазан айларында бұл заңды көпшілікке таныстырамыз. Ол парламентке түседі, талқылау басталады, ал келесі жылдың бірінші жартысында толық қабылданады деп жоспарлап отырмыз. Оның ішінде жеке бизнестің ғылымға қатысуына ынталандыруға бағытталған үлкен тетіктер бар. 150%-ға дейін салықтық жеңілдіктер және басқа да салықтық супер шегерімдер болады. Осылайша бизнестің ғылымға негізделген бағыттарға қызығушылыға артады», – деді ол қазақ-қытай ытымақтастығы жөніндегі конференцияда.

Оның айтуынша, министрлік Қаржы министрлігімен және Мемлекеттік кірістер комитетімен салықтық жеңілдік берудің нақты механизмдері талқыланып жатыр. Тиісті нормаларды Салық, Кәсіпкерлік және Бюджет кодекстеріне жазу мәселесі қарастырылып жатыр.

Саясат Нұрбек алдағы үш жылда мемлекеттің ғылымды шамамен 650 миллиард теңгеге қаржыландыратынын айтты. Оның ішінде 9 миллиард теңгеге жуық қаражат іргелі зерттеулерді қаржыландыруға жұмсалмақ. Ол зерттеулерді 11 ғылыми-зерттеу институты әзірлейді. Министрдің айтуынша, Қазақстанда 2027-2028 жылдары ғылымды қаржыландыру көлемін ЖІӨ шаққанда 1%-ға жеткізуді жоспарлап отыр. 2023 жылы ол көрсеткіш 0,25%-ды құраса, 2022 жылғы 0,13%-ды құраған.

Ғылымға жұмсалатын шығындар 1991 жылы ЖІӨ-ге шаққанда 0,84%-ға қысқарған. Нәтижесінде республикадағы ғылыми-зерттеу институттарының ондаған мың қызметкерлері мен профессорлық-оқытушылар құрамы жоғалған. Министрдің айтуынша, 1991 жылы олардың саны 52 мың болса, 2000 жылы бар болғаны 12 мыңды ғана құраған.

Министрлік ғалымдар санын арттыру мақсатында бұл саланың қаржылық тұрғыда тартымды болуы үшін жағдай жасап жатыр. 2022 жылдан бастап «Жас ғалым» бағдарламасы бойынша 1000 жас ғалымның жалақысы айына 500 000 теңгеге дейін грант есебінен көтерілген. Сонымен қатар, Саясат Нұрбек жас ғалымдарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі пысықталып жатқанын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз