Фото: shutterstock.com
IT әлемінде атауы үйлескен, құлаққа жағымды естілетін, маңызы да жоғары саналатын мамандық түрі көп. Соның бірі — продакт менеджер мен проджект менеджер. Бір-бірімен біте қайнаса жұмыс істейтін әріптестердің нақты немен айналысып, не нәрсеге жауап беретінін көпшілік біле бермейді. Арасында шатастыратындар да бар. Асылында, екеуі бір-бірін толықтырғанымен, орнын басатын не бір мамандық деуге болмайды. Kursiv Media тілшісі өнім мен жоба менеджерлерінің атқаратын жұмысына және қазақстандық нарықтағы жалақысына шолу жасап шықты.
Продакт менеджер мен проджект менеджердің айырмашылығы
Негізі түп төркініне сәл үңілсек, әрқайсысының қандай бағытқа жауапты екені айқындалып шыға келеді. Ол үшін алдымен бұл түсініктердің базалық анықтамасына тоқталайық. Product –– уақыт бойынша шектелмейтін, шексіз әрі ұзақ жалғаса беретін өнім. Ал project — нақты бекітілген уақыт аралығында іске асатын жоба. Демек біз бүгін сөз етіп отырған менеджерлер осы екеуімен айналысады деген сөз. Былайша айтқанша, өнім — бірнеше іске асырылған жобалардан тұрады. «Олай болса, екеуіне бір адамды бекітсе болмай ма?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Жауабы: жекелеген жобаларды жүзеге асыру арқылы дайын бір өнімді ала алмаймыз. Яғни продакт-менеджер жалпы өнімге жауапты болса, проджект-менеджер сол өнімнің жасалуына бағытталған нақты бір жобалармен айналысады.
Әдетте команда жинаған кезде кімді бірінші жұмысқа алу керек деген сауал туады. Бірақ продакт пен проджект-менеджерлер бірлесіп жұмыс істейтінін ескерсек, олар құдды арбаның қос дөңгелегі іспеттес. Алдыңғысы болмаса да, артқысы болмаса да алға жылжымайды. Компания иерархиясында бұл екі маман да аса қажет. Біреуі болмаса, діттеген мақсатқа жету жолы қиындайды. Кемінде көбірек күш жұмсап, ұзағырақ уақыт сарпуыңыз керек болады. Әлбетте, бәрін продакт-менеджердің мойнына іліп қоятындар табылады. Ондай кезде де нәтиже шықпайды емес, шығады. Бірақ жүгі ауырлаған соң, кедергі де көбейеді. Сол себепті әркімнің өз жауапкершілік аумағы болғаны жақсырақ.
Өніммен айналысатын маманға керек машық
Продакт-менеджерге басты керек қабілеттің бірі — коммуникация орнату. Топ-менеджментті, әріптестерін ұйытып әкетіп, өнімнің ойдағыдай шығуына барын салуы керек. Командадағылар шаршап қалмас үшін арасында мотивация беріп, өзінің соңынан адам ерте алатындай көшбасшы болғаны қажет. Одан бөлек, оның бойында мына машықтар табылғаны құба-құп:
- Бизнес негіздерінен хабардар болу. Нарықтың ауқымын, мүмкіндігін зерттеп, бәсекелестерге анализ жасап, баға қоюды, өнімді дамыту жолдарын білуі шарт. Сонымен бірге қаржылық моделін ойластыру, серіктестермен байланыс орнату да — продакттың мойнында.
- Өнім нишасында эксперт болуы керек. Клиенттердің қажетін біліп, не қалайтынын толық түсінуі қажет.
- Күрделі шешімдерді қабылдай білуге тиіс. Табысқа жету жолында ондаған, тіпті одан да көп шешім қабылдау қажет болады. Оңайға соқпасы да анық. Бірақ діттеген нәтижеге жеткізетіндей жол көрсету продакт-менеджерге тапсырылады.
- Көшбасшылық қабілет маңызды. Мұны жоғарыда да айттық. Ұжымды ұйыған айрандай етіп ұстау отыруы керек. Тіпті кей тапсырманы орындауға мойын жар бермеген кездің өзінде ынталандыру нағыз кәсіби маманның ғана қолынан келеді.
- Деректерді жинау, оған анализ жасау да продакттың міндетіне кіреді. Танымал метрика жүйелерін жақсы білуі керек. Керек деректерді жинап, анализ жасап, өз жұмысына қажетін іріктеп алуы қажет.
- А/В тестілеу. Табыс әкелетіндей ұтымды шешім ұсынып қана қоймай, оны аз уақыт ішінде сынақтан өткізіп көру керек болады.
- Интерфейстерді прототиптеу. Бағдарламалаушылардың жаңа өнім мен функция қосылған сайын мазалай беруге болмайды. Сондықтан арнайы бағдарламалық жасақтама арқылы сынақ жасауға арналған прототиптерді продакт өзі жасай алуы шарт.
Проджект-менеджердің бойында болуы керек қабілет
- Коммуникация құру. Жоба менеджері командаға ойындағысын жеткізіп, мақсаттар мен идеяларды айта білуі керек. Сонымен бірге атқарылған жұмыстардың есебін де тапсырады.
- Командамен жұмыс істей алу. Әр қызметкердің үстінен бақылау, тапсырмаларды бөлу, туындаған келеңсіздіктерді шешу, келісімге келу, мақсаттарды анықтап, еңбек өнімділігін бағалау — проджект-менеджердің міндеті.
- Келіссөздер жасасу. Ресурстар, бюджет, графиктер, мәселерді талқылауға көп уақыт кетеді.
- Жоспарлау. Бұл — жоба менеджеріне аса қажет қабілет. Өнімді жұмыс істеу үшін ресурстарды дұрыс бөліп, жоспар жасай білу маңызды.
- Бір уақытта бірнеше тапсырманы орындау. Нақтырақ айтқанда, жұмысты дұрыс ұйымдастыру қабілеті керек.
Отандық продакт және проджек-менеджерлер қанша табады?
Product-менеджерлер отандық digital-экономикадағы сұранысы жоғары мамандардың бірі саналады. Kolesa Zerttey жобасының қорытындысына қарап, толықтай сеніммен осылай айта аламыз. Егер әлдебір индустрия цифрлану туралы ойланса, онда оларға алдымен продакттардан құралған әскер жинау қажет болады. Қазақстандағы продакт-менеджерлер көбіне мына салаларда жұмыс істейді:
- Өнім шығарумен айналысатын IT-компанияларда — 38%;
- Телекомда — 12%;
- Банктерде — 12%;
- Стартаптарда — 11%;
- Уеб-студияларда — 6%;
- Ретейледе — 5%.
Kolesa Zerttey ұсынған деректерге сүйенсек, стажер болып келгендер 200 мың теңге шамасында табады. 4-5 жылдық тәжірибесі бар product-менеджердің медианалық айлығы 600 мың теңге шамасында екен. Топ-мамандардың жалақысы болса, 1-2 миллион теңгеге жетіп жығылады. Ал вакансиялар орналастырылатын сайттарда 1-3 жылдық тәжірибесі бар мамандарға 300 мың теңгеден жоғары айлық ұсынылған. Ал 3-6 жыл арасындағы жұмыс өтіліне ие менеджердерге компаниялар 600-800 мың теңге беруге даяр.
Проджект-менеджерлердің айлық табысын жұмыс іздеуге арналған сайттардан қарап шықтық. hh.kz сайтына қазіргі уақытта бос орындарын орналастырған компаниялар жұмыс өтілі 1-3 жылдық жоба менеджерлеріне 300 мың теңге ұсынуға дайын екенін салған. Ал тәжірибесі алты жылдан асқан мамандарға 500 мың теңге мен 1 миллион теңге шамасында беруге дайын. Орта есеппен 3 жылдан астам тәжірибесі барларға нарықта жарты миллион теңгеден жоғары айлық ұсынылған.