Жаңалықтар

Туристік кэшбек: демалушыларға тур құнының 20%-ына дейін қайтару ұсынылып отыр

туризм
Фото: shutterstock

Мәдениет және спорт министрлігі жаңа туристік кэшбек механизмін ұсынып отыр. Оған сәйкес, кэшбек мөлшері туристің демалу мерзімінің ұзақтығына сәйкес ұлғая береді.

Кэшбек алу шарттары: 1 түнеген туристке тур құнының 5%-ы мөлшерінде өтемақы төлеу ұсынылады. 2 күн демалып, түнесе 10%, 3 күн түнесе 15%-ын қайтарып алады. Ең жоғары – 20% кэш бек 4 және одан артық күн демалғандарға беріледі.

Бұл механизм саяхат маусымы саябырсыған шақта, туристерді ынталандыру әрі бизнесті, халықты және нөмірлік қордың толымдылығын қолдау мақсатында ұсынылып отыр.

Кэшбек кімнің есебінен төленеді? Туристік кэшбек туроператорлармен қатар маркетплейстерден сатылып алынған турларға да төленеді.  Маркетплейстер кэшбэкті өз қаражаты есебінен төлейді. Мемлекет кейін бұл шығынды өтеп береді.  Ал, саяхатшы туроператордан офлайн форматта сатып алған жағдайда, кэшбек оның жеке есепшотына жіберіледі. Ол үшін турист қажетті құжаттар мен өтінімді жинақтап, құзырлы органга жолдауы тиіс.

Туроператорларға қандай талап қойылады? Қазір жобаның ережелері әзірленіп, туристік нарық өкілдерімен талқылау жүріп жатыр.  Механизм аясында жобаға қатысушыларға ең төменгі талаптар қойылады. Туроператорларда ішкі туризм саласындағы операторлық қызметке лицензия болуы тиіс. Ал, маркетплейс -отандық өнім және турист пен туроператор үшін ыңғайлы болуы тиіс.  

«Туристік «кэш бэк» енгізу – тиімділігімен танылған әлемдік тәжірибе. Ел ішінде демалушылар тур құнының 20% – на дейін қайтарып ала алады. Бұл шара ұйымдастырылған демалыс мәдениетін дамытуға және ел ішінде саяхаттаудың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді»,- Туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұртас Кәріпбаев.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мәдениет және спорт министрлігі Kids go free – отбасылық туризмге арналған бағдарлама әзірлеген болатын. Ол бойынша қазақстандықтар туроператордан ел ішіндегі бағыттар бойынша туристік пакет сатып ала отырып, 2 жастан 17 жасқа дейінгі балаларға тегін авиабилеттерге қол жеткізе алады.

2023 жылдың алғашқы 4 айында Қазақстанда 3,5 млн адам ел ішінде саяхаттаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36% – ға артық. Оның ішінде көпшлік үшін ең тартымды қала – Алматы. Қалаға қаңтар-сәуір айларында 1 185 130 адам саяхаттап келген.

Екінші орында – Астана тұр. 2023 жылдың алғашқы төрт айында Астана 951 750 мейманды қабылдаған.

Үшінші орынды Шымкент қаласы иеленген. Көпшілікке қонақжайлылығымен танымал қалаға қаңтар-сәуір аралығында шырайлы шаһарға 346 280 адам саяхаттап келген.