Қазақстан дүкендерінде тұрмыстық техника мен электроника ресейлік маркетплейстермен салыстырғанда неге қымбат?

Жарияланды
«Тұтыну нарығы» бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media

Қазақстан Республикасы аумағында жұмыс істейтін ресейлік маркетплейстердегі тұрмыстық техника мен электроника бағасы отандық тауар дүкендерімен салыстырғанда, айтарлықтай арзан. Маркетплейстен дүкенде түрған тауарларды – 20, тіпті 40 пайыз арзанға табуға болады. Бұл мақалада оған не себеп, жергілікті ойыншылар ресейлік маркетплейстерді бәсекелес санай ма және тұтынушыларды қалай тартады деген сауалдарға жауап іздейміз.

Көрші елде арзан

«Шамамен үш апта бұрын мен Tefal компаниясының робот-шаңсорғышын сатып алдым. Ол «Сулпак» пен «Технодом» дүкендерінде 399 мың теңге тұрды. Бағасы қымбат екенін ескере отырып, осы модельдің өзге платформалардағы бағасын салыстырып көрдім. Нәтижесінде қазақстандық сатушыларда бағасы бірдей, ресейлік маркетплейсте арзанырақ болып шықты. Сол кездегі баға айырмашылығы 30-40 пайызға жетті. Ақырында шаңсорғышты мен Ozon платформасынан 200 мың теңгеге сатып алдым», – дейді Қазақстан интернет-бизнес және мобильді коммерция қауымдастығының президенті Константин Горожанкин.

Бұл тренд әсер еткен жалғыз бренд Tefal емес. Осы ретте «Курсив» қазақстандық ірі желілер мен ресейлік платформалардағы электроника мен тұрмыстық техника санатындағы 40 танымал тауардың бағасын салыстырды. Орташа алғанда дүкендердегі баға Ozon немесе Wildberries маркетплейстерінен 20%-ға асып түседі. Бірақ телефон, теледидар, үтік пен әртүрлі брендтердің басқа да шағын жабдықтарын 30-40 пайыз арзанға сатып алуға болады.

Салыстырма дәл шығуы үшін Ozon Kazakhstan және Wildberry LLC өздері сататын тауарлар таңдалды. Бірақ сайттардан әлемдік брендтер мен өзге де сатушылардың тауарын табуға болады.

Екі жағдайда да маркетплейстер өнім – түпнұсқа, оған стандартты кепілдік беріледі дейді. Ал Горожанкин тапсырыс берген соң бір аптадан кейін келген шаңсорғыштың дұрыс жұмыс істеп тұрғанын айтады.

«Өнім – түпнұсқа, қаптамада кепілдік талоны бар, бірақ мен купонның санкция жағдайында қалай жұмыс істейтінін әлі тексерген жоқпын», – деді ол.

«Таза тауар» бағасы

Горожанкиннің айтуынша, баға алшақтығына бірінші себеп – рубльдің доллар мен теңгеге қатысты жыл басынан бергі құнсыздануы. Sulpak желісі де негізгі себеп осы дейді.

Kcell ұялы байланыс операторы дүкендер желісінің өкілі тағы бір себебін айтып өтті.

«Маркетплейс пен тұрмыстық техника дүкендеріндегі тауар құнының айырмашылығы, ең алдымен ұсынылған нарыққа байланысты. Ұялы телефон мысалында түсіндіріп өтсем. Заңды және «қара нарық» бар. Әдетте, ресми өндіруші тауарды фирмалық дүкен немесе ресми дистрибьюторлар арқылы, яғни заңды нарық арқылы импорттап, сатады. Бұл процесс импорттық өнімдердің ресми декларациядан өтетінін, сондай-ақ бюджетке тиісті салық төленетінін білдіреді», – дейді «Кселл» АҚ Бөлшек бизнес департаментінің директоры Елена Сергеева.

Ал қара нарықта ұсынылған тауар бұндай салықты айналып өтеді. Ол өз кезегінде тұтынушыға сатылатын бағасына да әсер етеді.

«Тұтынушы үшін қара нарықта тауар сатып алу әлдеқайда тиімді екенін атап өткен жөн: ол анағұрлым төмен бағада, зауыт беретін бүкіл кепілдігі бар, сапасы бірдей өнім алады. Бұл ретте мемлекет ресми сатылымнан түсетін алымдар мен салықтан қағылып, баға айырмашылығынан зардап шегеді», – деп толықтырды ол.

Ірі халықаралық брендтер ресейлік нарықтан ресми түрде кеткен соң, олардың елдегі өнімдері шынымен де арзандаған.

«Шаңсорғыш мысалында қазақстандық сауда желілеріндегі бірдей баға Tefal компаниясының өзіндік құнын реттейтінін және қазақстандық дүкендердің бір-бірінен қымбат немесе арзан сатуына жол бермейтінін байқатады. (…) Тефаль Ресейден ресми түрде кетіп қалған соң, оның бұл елдегі бағаны реттеп, маркетплейстерді бұрынғы бағамен жұмыс істеуге мәжбүрлеуге құқығы жоқ екенін білдіреді», – дейді Константин Горожанкин.

Екіншіден, санкция салдарынан параллель импортқа рұқсат етілгелі, маркетплейстер мен онда сауда жасаушылар Ресейге тауарды баж салығынсыз әкелуге мүмкіндік алған. Сондықтан көптеген тауарлар Қазақстанмен салыстырғанда, Ресейде арзандау.

Санкцияның пайдасы

Қазақстандағы сауда желілері бірінің өз аты-жөнін ашық айтқысы келмеген өкілі қазір жағдай толық өзгерген дейді.

«Былтыр соғыс басталғаннан кейін Ресей нарығында тауар тапшылығы байқалып, солтүстіктегі көршілерге қазақстандық нарық ассортименті мен бағасы жағынан тартымды еді. Қазір жағдай мүлде өзгерген. Көрші елде тауар тапшылығы жоқ екенін байқауға болады, ретейлерлер ебін тауып, Ресей Федерациясынан кеткен брендтердің тауарларын сатып жатыр. Оған қоса, тауар бағасы арзандай түскен».

Оның айтуынша, тауар бағасының арзандауына параллель импортқа рұқсат берілуі әсер еткен.

«Өндірушілер Ресей мен Қазақстан сынды шағын нарықтарда өз өнімдерін Еуропа, АҚШ сияқты дамыған елдермен салыстырғанда қымбатырақ сатады. Бұл тек сатылым көлеміне ғана байланысты емес. Өндірушілер біздің нарықтарда туындауы мүмкін қосымша тәуекелдерді бағаға алдын ала қосады: саяси тұрақсыздық, дағдарыс және т.б. Сондықтан, логистика мен сату көлемін есепке алмағанда, дәл сол өнім, мысалы, Еуропаға қарағанда, ТМД елдерінде қымбатқа түсетіні анық».

Оның айтуынша, 2022 жылдың ақпанына дейін Қазақстан мен Ресейде тауар бағасында үлкен айырмашылық болған емес.

Ішкі фактор

Спикер қазақстандық ретейлердің баға жағынан Ресей маркетплейстерінен ұтылып жатқанының тағы бір себебін айтты.

«Жалпы, еліміздегі барлық техника мен электрониканың 70 пайыздан астамы тұтынушылық несие арқылы сатып алынады. Соның ішінде 90 пайызы – бөліп төлеу. Бірақ бөліп төлеу тегін опция емес екенін ескеруіміз керек. Оның құнын сатушы тауар бағасына бірден қосып тастайды. Басқа елдердегі сатушыларда бұл шығын жоқ және ол өнімнің нақты бағасын белгілеуде ескеріледі».

Оның айтуынша, негізгі мәселе – бөліп төлеу құралының өзінде емес, оны пайдалану кезінде бағаның сараланбауында. Сауда желілерінде тауарды қолма қол ақшаға алсаң да, бөліп төлеумен алсаң да – бағасы бірдей.

«Ресей платформаларындағы баға қазақстандық сауда желілерімен салыстырғанда арзан болуының тағы бір себебі – олар тауарды қолма-қол ақшаға сатады. Егер біз сараланған бағамен қолма-қол ақшаға сататын болсақ, онда бізде де тауарлар қазіргі құнынан орта есеппен 10% арзанырақ болар еді».

Бірқатар ретейлерлер банктердің өтініші бойынша төлем әдісіне қарай әртүрлі баға қойып отырған жоқ:

«Бұл шарт бұзылса, банктер байланысты үзеді. Ал сатылымның 70 пайызы тұтынушылық несиеден түсіп тұрғандықтан, біз банктермен жұмыс істеуден бас тарта алмаймыз. Бұл тұйық шеңбер болып тұр».

Сауда желілері не істеп жатыр?

Wildberries баспасөз қызметінің хабарлауынша, бірінші жартыжылдықта Қазақстанға сатылған электроника көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 214%-ға өскен. Алайда желгілікті сауда желілері ресейлік маркетплейстер бизнеске қауіп төндіріп тұрған жоқ деп тұжырымдайды.

«Sulpak-та сатып алушы жоғары деңгейдегі қызмет көрсету, жылдам жеткізу, тауарды бөліп төлеу мүмкіндігі және кепілдік міндеттемелерін нақты орындайтын сенімді сатушымен жұмыс істейді», – дейді Sulpak дүкендер желісінің маркетинг жөніндегі директоры Константин Иванюк.

Осыған байланысты компания қосымша акция қолға алуды жоспарлап отырған жоқ.

Басқа бөлшек сауда желісінің өкілдері сатылым төмендеп, болмаса тұтынушылар саны азайып жатқанын байқамағандарын айтады. Тұтынушылардың мінез-құлқына тауарды несие немесе бөліп төлеуге алу мүмкіндігін қатты әсер етеді.

Сауда желілерінің тағы бір маңызды артықшылығы – жеткізу жылдамдығы. Қазақстандық дүкендер ірі қалаларда тауарды сатып алған күні жеткізіп береді. Сондай-ақ, ресейлік маркетплейстерде тоңазытқыш, кір жуғыш машина немесе кондиционерлерден таңдау аз.

«Желілердің тағы бір артықшылығы – тәжірибе. Біздің дүкенде өнім туралы толық ақпарат алып, нақты сұрақ қойып, кеңес ала аласыз. Маркетплейсте мұндай тікелей байланыс мүмкіндігі жоқ. Осы ортада тұтынушыға тартымды болып қалу үшін қазақстандық дүкендер өз тәжірибесін шыңдай түсуі қажет», – деді тағы бір желі өкілі.

«Бұл жағдайдан шығудың бір жолы – заңды нарықтағы сатушылардың қызметі мен қосымша өнімдерінде бәсеке элементтерін енгізуі. Мысалы, Kcell смартфон құнына компанияның қызметтер пакетін қосады. Бұл ретте сұр импортты кезең-кезеңмен азайту үшін мемлекет деңгейінде смартфондардың елге жеткізілуін қадағалауды қолға алған жөн», – деп толықтырды Елена Сергеева.

Сондай-ақ оқыңыз