«Юнистрим» жүйесі Тәжікстанға еуро мен долларда аударым жасауды тоқтатты

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Санкциялық жағдайда Ресейден халықаралық ақша аударымдарын жүзеге асырып жүрген «Юнистрим» төлем жүйесі Тәжікстанға еуро және АҚШ долларын жіберуді және ол мемлекеттен осы валюталарда аударым қабылдауды тоқтатты. Бұл жайлы «Юнистрим» телеграм арнасы хабарлаған.

«Аударымды алу кезінде қиындықтарға тап болған клиенттер аударымды жіберген банкке 2023 жылдың 30 қыркүйегіне дейін ақшаны қайтару туралы өтініш бере алады. Осы күннен кейін еуро немесе доллармен жіберілген қаражатты қайтару мүмкін болмайды. Енді клиенттер Тәжікстанға немесе Тәжікстаннан тек Ресей рублінде аударым жасай алады, делінген хабарламада.

20 шілдеде бұл төлем жүйесінің операторы ресейлік «Юнистрим банкі» АҚШ-тың санкцияларына ұшырады. Содан бастап Ресейдің көршілес елдерінде, соның ішінде Қырғызстан, Грузия, Армения және Молдовада орналасқан көптеген қаржы институттары бұл банкпен әріптестігін тоқтатты. Ал біраз уақыт өткен соң Google Play дүкенінен төлем жүйесінің қосымшасы да жоғалып кетті. Банк мұны шектеулермен байланыстырды.

Еске сала кетсек, АҚШ 20 шілде күні Ресейдің бес несие ұйымына қатысты санкция салған еді. Ол тізімде «Юнистрим» компаниясымен қатар, «Тинькофф», Локо-банк, Петербургский социальный коммерческий банк, «Солидарность» бар.

Ал 2023 жылдың 21 шілдесінен бастап, «Қазпошта» АҚ «Юнистрим» компаниясының санкциялық тізімге ілінуіне байланысты, «Юнистрим» ақша аударымдарын қабылдауды/беруді тоқтатты.

Өз кезегінде Өзбекстан Орталық банкі елдегі ең ірі «Халк банк» пен «Ипотека банк» халықаралық «Юнистрим» төлем жүйесімен жұмыс істеуді тоқтатқанын хабарлады.

26 шілде күні Молдова банктері Ресейдің «Юнистрим» төлем жүйесімен жұмысын тоқтатты. Бұған дейін бұл компаниямен елдегі ең ірі Moldova-Agroindbank, сондай-ақ Fincombank және Energbank банктері жұмыс жүргізген.

Сондай-ақ оқыңыз