2050 жылға қарай жалпы елімізде оқушылар саны 6,5 миллионға жетеді – сарапшылар болжамы
Мектептегі орын тапшылығы мәселесі 2026 жылға қарай шешіледі, алайда 2037 жылдан кейін тапшылық қайта басталады. Өйткені оқушы саны ұлғаяды. Қоғамдық саясат инстутутының сарапшылары осындай болжам жасады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023-2024 оқу жылы еліміздің мектептерінде 3,9 миллион оқушы білім алады. Ал 2026 жылдың 1 қаңтарына қарай студенттер саны 400 мыңға артып, 4,3 миллион адамға жетеді деп күтілуде.
Туу көрсеткішінің өскен сайын мектептегі орындар саны да көбейіп отыруы керек. Мәселен, соңғы бес жылда Қазақастанда 2,8 миллион бала дүниеге келген. Ал 2020 жылдан бастап бірінші сыныпқа баратындардың жалпы саны 1,5 миллион адамды құраған.
Мектептегі тапшылық қазірдің өзінде 270 мың орынды құрайды. Туу деңгейінің өсу динамикасын ескере отырып есептейтін болсақ, алдағы үш жылда кемінде 670 мың жаңа орын пайдалануға берілуі тиіс. Апатты мектептер санының 37-ден 55-ке дейін ұлғаюы, үш ауысымда оқитын мектептер санының 143-тен 138-ге дейін баяу қысқаруы бұл мәселені күрделендіре түспек.
Ал 132 мың орындық 154 жаңа мектептің пайдалануға берілуі осы оқу жылындағы орын тапшылығын түбегейді шеше алмасы анық. Мектептерді пайдалануға берудің мұндай қарқыны мен көлемі орын тапшылығының 48,8 пайызын ғана өтей алады.
Үкімет жоспары бойынша бұл мәселе 2025 жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы негізінде шешім табады деп күтіледі. 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында оны жүзеге асыруға 1,4 трлн теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Бұл қаражатқа шамамен 369 мектептің құрылысы жүргізіледі. Бұл жоспарға сәйкес 2024 жылы 158 мектеп салынса, 2025 жылы 152 мектептің құрылысы аяқталады. Сонымен бірге қосымша 2 мектеп сатып алу жоспарда бар. Бұл шаралар негізінде 800 мыңнан астам оқушы екі ауысыммен оқитын болады.
Сондай-ақ, білім инфрақұрылымын қолдау қоры жемқор шенеуніктерден тәркіленген қаражат есебінен 76,7 мың оқушыға арналған 2 ауысымдық 62 мектеп салады. Бұл да тапшылықты жоюға көмектеседі.
Жалпы, «Жайлы мектеп» жобасы мен Президенттің Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру негізінде, Жол картасы аясында Үкімет 2026 жылға дейін 1,5 миллион орынды қамтитын жаңа мектептер ашуды көздеп отыр. Бұл ортақ трансферт есебінен, бюджеттік инвестициялық жоба, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен және жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырыстар беру және басқа да тетіктер арқылы жүзеге асырылады. 2026 жылға дейін салынатын бұл мектептер 2030 жылға дейін елімізді жыл сайын 160 мың жаңа орынмен қамтамасыз ете алады.
Алайда ұзақ мерзімді демографиялық болжамды ескерсек, жаппай мектеп салу мәселесі 2037 жылдан кейін тағы басталады. Яғни ол уақытқа дейін мектеп оқушылары контингенті қайта жанданып, 2050 жылға қарай жалпы саны 6,5 миллион оқушыға жетпек.