5 жастан асқан балаларға арналаған «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі енгізіледі

Жарияланды
Фото: kursiv.media

5 жастан асқан балаларға арналаған «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі енгізіледі. Бұл жайлы Мемлекет башысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында айтты.

«Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе. Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек. Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет», деді президент.

Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы тиіс екенін айтты.

«Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек. Ұлттық экономиканың бірқатар саласында кадр тапшылығы қатты сезілуде. Әсіресе, техникалық және жұмысшы мамандар жетіспейді. Сондықтан осы салаларға қатысты білім берумен мықтап айналысқан жөн. Оқу орындары түлектерге жұмыс бере алатын мекемелермен ұзақ мерзімге арналған әріптестік орнатуы қажет. Экономиканың басымдықтарына, аймақтың және саланың ерекшеліктеріне байланысты тиімді қаржыландыру тәсілдері керек. Еліміздегі демографиялық өсім білімге деген сұранысты арттырады», деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің білім саласына қатысты жұмысында жүйенің жоқтығына да тоқталды.

«Өзара байланыс жоқ деуге болады. Сондықтан бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырамын. Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуға тиіс. Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады. Қазір еңбек нарығында ауқымды өзгерістер болып жатыр. Онда цифрлы экономиканың рөлі арта түспек. Платформалық жұмыспен қамту жүйесіне қызығушылық артып келеді. Осы секторда қазірдің өзінде жарты миллионнан астам адам жұмыс істейді. Алайда олардың еңбек құқықтары толық қорғалмаған. Сондықтан осы санаттағы азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаудың нақты тәсілдерін әзірлеп, платформалық жұмыспен қамту мәселесін түгел реттеу қажет», деді Президент.

Сондай-ақ оқыңыз