Елімізде Атом электр станциясын салу үшін жалпыұлттық референдум өтеді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді.
Оның айтуынша, Атом энергетикасын дамыту аса маңызды экономикалық және саяси мәселеге айналды. Атом электр станциясын салу қажет пе, жоқ па деген сауалға қатысты түрлі пікір бар екеніне тоқталған Президент, Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет ретінде «өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар», деп мәлімдеді.
«Кейбір сарапшылар шағын ядролық станциялар салу керек деген пікір айтады. Алайда көптеген азамат пен бірқатар сарапшылар ядролық станцияның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды. Семей полигоны халқымызға қаншама қасірет әкелгенін ескерсек, олардың күдігін түсінуге болады», деді Президент.
Сондықтан Президенттің пікірінше, бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдауларды, егжей-тегжейлі, кең ауқымды талқылаулар жалғасуы керек.
«Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем. Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – бұл еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев
Бұған дейін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев БАҚ-та Алматы облысының Үлкен ауылында АЭС салуға қатысты тыңдау өтіп, нәтижесінде тұрғындар атом электр станциясын салуды қолдап, соңғы шешімін айтты деген бұрмаланған ақпарат тарап жатқанын мәлімдеді.
АЭС салу бойынша Үлкен ауылындағы алғашқы қоғамдық талқылау 22 тамыз күні өткен болатын.