Елімізде 30 мектеп апатты жағдайда тұр – Бейсембаев
Биыл ел бойынша жаңа 154 мектеп іске қосылады. Бұл 130 мың оқушы орнының тапшылығын жоюға бағытталған. Нәтижесінде елдегі 12 апатты және 29 үш ауысымды мектептер жойылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді.
Министрдің сөзінше, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 200-ден аса мектептің құрылысы басталған. Министр мұның апатты жағдайдағы мектептер және үш ауысымды мектептер мәселесін шешетінін айтты.
«1 қыркүйекте ел бойынша 55 мың бала жаңа мектепке барды. Бұл барлық түйткілді мәселенің жуық арада – 3 жылдың көлемінде толыққанды шешілуіне үлкен үлес қосады деп сенеміз. Жалпы үш ауысымды және апатты мектептердің жалпы саны – 200 мектеп. Оның ішінде 30-дан аса мектеп апатты жағдайда тұр. Биыл 12 апатты мектептің мәселесі шешілді. Бұл биыл түгел шешіледі дегенді білдірмейді. 2025-2026 жылға дейін мәселе түбегейлі шешіледі деп жоспарланған», – деді Оқу-ағарту министрі.
Айта кетейік, білім инфрақұрылымын қолдау қоры жемқор шенеуніктерден тәркіленген қаражат есебінен 76,7 мың оқушыға арналған 2 ауысымдық 62 мектеп салады.
2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында 1,4 трлн теңге көлемінде қаражат мектеп салуға қарастырылған. Оған шамамен 369 мектептің құрылысы жүргізіледі. Бұл жоспарға сәйкес 2024 жылы 158 мектеп салынса, 2025 жылы 152 мектептің құрылысы аяқталады. Сонымен бірге қосымша 2 мектеп сатып алу жоспарда бар. Бұл шаралар негізінде 800 мыңнан астам оқушы екі ауысыммен оқитын болады.