Мәжіліс депутаты Ғалымжан Елеуовтің өкілеті мерзімінен бұрын тоқтатылды
Фото: ҚР Мәжілісінің сайты
Мәжіліс депутаты Ғалымжан Елеуовтің өкілеті мерзімінен бұрын тоқтатылды, деп хабарлайды Kursiv.kz.
Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерманның айтуынша, ол депутат мандатын тапсыруға өзі өтініш берген.
«Орталық сайлау комиссиясы Конституцияның 52-бабына «ҚР Парламенті және оның депутаттары мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 24-бабы 3 және 8 тармақтарына сәйкес Мәжіліс депутаты Ғалымжан Елеуовтің өтініш беруіне байланысты оның өкілетін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселені шешу үшін ұсыныс енгізіп отыр, – деді Мұхтар Ерман.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов оның басқа қызметке ауысып жатқанын айтып өтті.
«Ғалымжан Елеуовке Мәжіліс қабырғасында бірқатар жыл белсенді, абыройлы атқарған жұмысы үшін алғыс айтамыз. Үлкен қызметке бара жатыр. Сол жұмысына сәттілік тілейміз», – деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.
Ғалымжан Елеуов Мәжіліс қабырғасында жинаған тәжірибесін халықтың әл-ауқатын көтеруге жұмсайтынын айтты.
Айта кетейік, 45 жастағы Ғалымжан Елеуов Мәжілістің VII және VIII шақырылымдағы депутаты болған. Экология және табиғатты пайдалану мәселелері, экономикалық реформа мен аймақты дамыту жөніндегі комитеттерге мүше болды.