Қазақстан жаңа өнеркәсіп саясаты арқылы жаңаша даму үлгісіне көшуі тиіс – Тоқаев

Жарияланды
Токаев принципиально не собирается праздновать 70-летний юбилей

Фото: kursiv.media

Қазақстан жаңа өнеркәсіп саясаты арқылы жаңаша даму үлгісіне көшуі керек. Ол үшін өзіміздің шикізатты, тауарлар мен кадрларды, басқаша айтқанда, барлық ішкі мүмкіндіктерімізді пайдалану қажет. Бұл туралы Президент бүгінгі жолдауында мәлімдеді.

«Біз жаңа өнеркәсіп саясаты арқылы жаңаша даму үлгісіне көшуге тиіспіз. Мемлекет ірі кәсіпорындармен бірлесіп, өндірістің барлық сатысы өз елімізде болуын қамтамасыз етуі керек. Ол үшін өндіріс саласын реттейтін және ынталандыратын түрлі тәсілдерді қолдану қажет. Өңдеу өнеркәсібі шикізатты көңілге қонымды бағамен жеткілікті көлемде алуы керек. Сонымен бірге реттелетін сатып алу кезіндегі өз тауарларымыздың үлесін арттыру және офтейк жүйесін толық іске қосу қажет. Еліміздегі өнім өндірушілермен жасалатын офтейк келісім-шарттардың үлесін кемінде 10 пайызға жеткізу керек. Бұл – жыл сайын 2 триллион теңге деген сөз»,- деді Президент.

Мемлекет басшысы сонымен қатар, ішкі нарықты қолдау шараларын қолға алуды тапсырды.

«Қазір көптеген елдер ішкі нарықты қорғау шараларын белсенді қолданады. Дамыған мемлекеттердің өзі протекционистік өнеркәсіп саясатына көшті. Дүниежүзілік сауда ұйымының бағалауынша, біздің елдегі ішкі нарықты қорғау деңгейі төмен, небәрі 128 тарифтік емес шара. Сондықтан біз сауда-саттық саясатында жаңа әрі батыл қадам жасауымыз керек. Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті. Бұл – біздің экономикамыз өзгелер үшін жабық деген сөз емес. Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуға тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек», – деді Тоқаев.

Енді ірі өндіріс кәсіпорындары 5 жыл сайын технологиялық және экологиялық аудит жүргізілмек. Тоқаев бұл талап инфрақұрылым саласындағы кәсіпорындарға да қойылуға тиіс деді:

«Қазақстанда кен өндіру өнеркәсібі жақсы дамығаны баршаға белгілі. Осы сала ұлттық экономиканың өсімін қамтамасыз ететін сенімді табыс көзі болып келеді. Болашақта да солай болуға тиіс. Көптеген металдың әлемдік нарықтағы бағасы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Соған қарамастан ірі өндіріс орындарына жақын тұратын жұрттың наразылығы күшейіп барады. Олар экология нашарлап, денсаулыққа зиян келтіріп жатқанын айтып, шағымдануда. Жұмысшылардың өндірісте мертігуі және қазаға ұшырауы көп болып кетті. Үкімет кәсіпорындардың технологиялық және экологиялық ахуалын, денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін батыл шаралар қабылдауы қажет. Сондықтан ірі өндіріс кәсіпорындары 5 жыл сайын технологиялық және экологиялық аудит жасауы керек. Бұл талап инфрақұрылым саласындағы кәсіпорындарға да қойылуға тиіс».

Сондай-ақ оқыңыз