Төмен құнды – 200 еуроға дейінгі тауарларды ресімдегені үшін кедендік алым жойылды. Үкіметтің тиісті қаулысы тамыз айында қабылданды. Бұл туралы «Атамекен» ҰҚК хабарлады.
Кедендік алым сомасы қандай еді? Жыл басынан бері көлік прокуратурасының нұсқамасы бойынша тауарларға декларация ретінде оңайлатылған тәртіппен берілетін әрбір тізбе мен өтініш үшін 20 мың теңгеден кедендік алым алынып келген.
Осы жайт отандық интернет-дүкендердің жұмысына теріс әсер етті.
«Егер кедендік алымды бір декларация деңгейінде емес жеке жөнелтпе құжат саны бойынша төлейтін болса, онда алым мөлшері өседі. Мысалы, егер экспресс жеткізілімнің бір партиясында 500 жөнелтпе құжат болса, онда кеден алымы 20 мың теңге орнына 10 млн теңгені құрайтын болады. Бұл халықаралық стандарттарға қайшы. Сондықтан мәселені шешу үшін біз бірден бірнеше мемлекеттік органмен жиналыс өткіздік. Кездесуде мемлекеттік органдардың әрекеті заңсыз екенін дәлелдеп, Үкімет қаулысына өзгерістер енгізуді ұсындық. Ұсынысымыздың ескерілгеніне қуаныштымыз. Енді курьерлік компаниялар мен интернет дүкендер алаңсыз жұмыс істей алады», – деді «Атамекен» ҰКП кедендік әкімшіліктендіру департаментінің директоры Дина Мамашева.