Қыркүйекте Ұлттық қордан 1,2 млрд долларға дейінгі мөлшерде валюта сату жоспарланған – Ұлттық банк
Ұлттық банк валюта нарығының тамыз айындағы жағдайына қатысты шолуын жриялады. Тамыз айының қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 459,39 теңгеге дейін 3%-ға әлсіреген. Ал Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 146 млн доллардан 158 млн АҚШ долларына дейін ұлғайып, сауда-саттықтың жалпы көлемі 3,5 млрд АҚШ долларын құраған.
Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін тамызда 770 млн АҚШ долларына валюта сатылған.
«Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 22%-ын және күніне 35 млн АҚШ долларынан аспайтын мөлшерді құрады. Ұлттық Банк Ұлттық қордың қаражатымен операция жүргізу кезінде нарықта бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын ұдайы және біркелкі сату дегенді білдіреді. Бұл тәжірибе Ұлттық қордағы операциялардың валюта нарығына әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді», делінген банк шолуында.
Сондай-ақ Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру үшін тамызда биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алуды жалғастырды. Оның жалпы сомасы 240 млн АҚШ долларын немесе нарықтағы жалпы көлемнің шамамен 7%-ын құраған.
Ал «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ активтерінің валюталық үлесін ұлғайту аясында Ұлттық Банк тамызда 93 млн АҚШ доллары мөлшерінде валюта сатып алған.
Банк тамызда валюталық интервенциялар жүргізбеген.
«Қыркүйекте Ұлттық қордан сатудың нақты көлемі Қаржы министрлігінің республикалық бюджетке трансферттер бөлуге арналған өтінімдеріне байланысты болады. Қаржы министрлігінің қолда бар болжамдық бағдарлары негізінде Ұлттық Банк қажетті трансферттер сомасы бойынша қыркүйекте Ұлттық қордан 1,1 млрд доллардан 1,2 млрд АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатуды алдын ала жоспарлап отыр», деп хабарлайды Ұлттық банк.
Сондай-ақ кыркүйекте БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін валюта сатып алу – 200 млн доллардан 250 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде, ҚДКҚ активтерінің валюталық үлесін арттыру үшін валюта сатып алу – 50 млн доллардан 100 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде күтіледі.
«Ұлттық Банк транспаренттілік қағидаты аясында валюта нарығында жүргізілетін барлық операция туралы ақпаратты толықтай ашып көрсетеді. Қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастырады», деп хабарлайды реттеуші.