Салықтық жеңілдіктер көлемін 20%-ға азайту керек – Президент
Елімізде салықтық жеңілдіктер көлемі 20% азаюы мүмкін. Бұл жайлы өз жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Тағы бір маңызды мәселе бар. Мен бұдан бұрын экономиканың түрлі секторындағы салық мөлшерлемесін саралау туралы айтқан едім. Бұл шара салық жүктемесін өндірістің күрделілігіне қарай бөлуді қамтамасыз етеді. Кәсіпкерлер қосымша құн салығын қайтару рәсімінің күрделі екені жөнінде орынды мәселе көтеріп, шағымданып жүр. Бұл жайт еліміздегі инвестициялық ахуалға кері әсерін тигізеді. Үкімет көптен бері түйіні тарқамай келе жатқан осы мәселені шұғыл шешуге тиіс«, деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге салық жеңілдіктерді реттеу қажеттігін айтты.
«Салық жеңілдіктерін беру тәртібін реттеу қажет. Олар экономикалық ынталандыру шараларының нысаналы тәсілі болуы керек. Жиналмаған салық – салынбай қалған ауруханалар, мектептер мен жолдар деген сөз. Салық жеңілдігін сын көзбен зерделеп, оның көлемін кем дегенде 20 пайызға қысқарту қажет. Қалған жеңілдіктер жекелеген жобалар мен тұлғаларға байланбай, нақты ереже бойынша берілуі керек», деді Президент.
Мемлекет басшысы салықтық әкімшілендіруге қатысты фискалдық органдар мен салық төлеушілер арасындағы өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшуді қамтамасыз ету қажет деп санайды.
«Салықтық бақылау ісін толық цифрландырып, есептілік формаларын 30 пайызға қысқарту қажет. Салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің санын кемінде 20 пайызға азайту керек. Айтарлықтай түсім әкелмейтін төлемдерді толығымен алып тастап, қалғандарын біріктіруге болады. Бөлшек салықты енгізу мәселесі қажетті бастама болғанына көзіміз жетті. Осыны ескере отырып, Үкімет оны қолдану аясын екі есе кеңейтеді. Сондай-ақ үдемелі салық салуды енгізу жұмысын жеделдеткен жөн. Салық саясатын қайта қарап, өзгерту үшін Үкімет пен Парламент батыл әрі жан-жақты ойластырылған шешімдер қабылдауы керек», деді Тоқаев.