Есіл өзенінде балықтардың қырылып қалуының себебі анықталды
Солтүстік Қазақстан облысында тамыз айында Питное көлі мен Есіл өзенінде тіркелген балықтардың қырылып қалуының себебі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Экология департаментінің мәліметінше, Жамбыл ауданы Миролюбово ауылының маңындағы Питное көлінде балықтың ішінара өлуі өсімдік шіріген кезде пайда болатын күкіртсутектің жиналуына байланысты болған.
Сергеев су қоймасының жанындағы Есіл өзеніндегі балықтар суда еріген оттегінің азаюынан өлген. Бұл ауа мен судың жоғары температурасына байланысты болды.
Ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында Жамбыл және Шал ақын ауданының әкімдігіне су айдындарына тұрақты мониторинг жүргізу ұсынылды.
Питное көлінде су қоймасының гидрохимиялық режимін жақсарту үшін артық өсімдіктерді шабу және аэрация бойынша мелиорациялық жұмыстар қажет. Балық шаруашылығы мелиорациясы мүмкін болмаған жағдайда, мелиорациялық балық аулауды жүргізу қажет.