Тамызда іскерлік белсенділік біршама төмендеді – Ұлттық банк
Тамызда іскерлік белсенділік 49,9 құрап, біршама төмендесе, индекс бейтарап сызығының шегінде тұр. Бұл жайлы Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалин мәлімдеді.
«Секторларда айтарлықтай өзгеріс жоқ: индекстер бейтарап белгісінің (50,0) маңында болды. Қызмет көрсету секторында ғана көрсеткіш 50,1 (шілдеде – 51,3) мәнімен оң аймақта тұр. Өндірісте аздаған нашарлау байқалды. Мұнда көрсеткіш 49,8-ге (шілдедегі 50,2-ден) дейін төмендеді. Тау-кен өндіру өнеркәсібі мен құрылыста индекстер жақсарғанына қарамастан (тиісінше 48,9-дан және 49,4-тен), 49,7 (бірдей) мәнімен теріс аймақта қалды. Шілдемен салыстырғанда, тауарлы-материалдық қорлардың көлемі қалпына түскенімен, жеткізілімдегі мерзімдер қалпына келген жоқ», дейді сарапшы.
Банк сарапшысының айтуынша, ағымдағы бизнес жағдайларды бағалау төмендегенімен, болашақ бизнес-жағдайды бағалау біршама жақсарған. Ағымдағы және болашақ бизнес жағдайларды орташа бағалауды білдіретін бизнес-ахуал индексі 10,8 болған. Шілдеде бұл көрсеткіш – 11,2 құраған. Ал бизнес-цикл «сағатының» индикаторы өсу аймағында қалған. Оған бизнес жүргізудің ағымдағы және болашақ жағдайларын бағалаудың оң қалпында қалуы себеп болған.