«Қазақстан» шахтасындағы өрт әлі сөндіріліп жатыр, тергеу комиссиясының жұмысы тағы 10 күн жалғасады
Фото: kursiv.media
«Арселор Миттал Теміртау» компаниясына қарасты «Қазақстан» шахтасында 17 тамызда шыққан өрт әлі сөндіріліп жатыр. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Жанна Дәуренбекованың айтуынша, газ мәселесі бақылауда. Жұмыс орындарында температура көрсеткіштері бірқалыпты.
«Қазақстан» шахтасындағы өрт салдарынан болған апатты тергеу үшін құрылған Үкімет комиссиясының жұмысы тағы 10 күнге ұзартылған.
Қазір шахтаның апат болған учаскесінде 27 тау-кен құтқарушы жұмыс істеп, көмекке 14 кенші жұмылдырылған.
Бұған дейін шахтадағы өртті өшіру үшін гипс бөгеттер салынып жатқаны хабарланған еді. Қазіргі кезде 9 бөгет салынып бітсе, үшеуінің құрылысы жүріп жатыр.
2023 жылдың 17 тамызында «Қазақстан» шахтасында апат болды. Өрт шыққан кезде жер астында 227 адам болған. 222 адам жер бетіне шығарылған.
Өрт салдарынан 5 кенші опат болды.
19 тамыз күні Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ «Қазақстан» шахтасында апат салдарынан қаза тапқан шахтерлердің отбасы мүшелерімен кездесіп, ауруханада жатқан зардап шеккен кеншілерге барды.
ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов «Қазақстан» шахтасындағы өрттің ең алдымен кәсіпорын иесінің кінәсі екенін айтты.
Ал Ерлан Қошанов «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының Қазақстан нарығында қалу-қалмауына қатысты тиісті шешімді жақын арада қабылдайтынын мәлімдеді.