Жаңалықтар

Ұлттық банк популистердің сөзіне ермей, теңгерімді ақша-несие саясатын жалғастыруы қажет – экономист

2023 жылдың 4 қыркүйегінде, яғни бүгін ғана Ғалымжан Пірматовтың орнына Ұлттық банктің төрағасы болып тағайындалған Тимур Сүлейменов Сенат кулуарында базалық мөлшерлемені төмендетуге қатысты ойын ортаға салды, деп хабарлайды kursiv.kz.

Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігі басшысының бұрынғы бірінші орынбасары мұның күрделі мәселе екенін айтты.

«Бір күрделі мәселе бар. Инфляция экономикадағы ең қауіпті процесс. Сондықтан оны төмендету міндеті тұр. Атап айтқанда, осы бағытта тиісті жағдай жасалса, онда мөлшерлемені төмендетуіміз мүмкін», – деді Тимур Сүлейменов.

Коммуналдық төлемдер: су, жарық, газ бен жылу бағасы қымбаттап, жанармай құны өсіп жатқан кезде базалық мөлшерлемені төмендету қаншалықты орынды? Бұл туралы экономист Бауыржан Шурмановтан сұрадық.

«Тимур Сүлейменов мәлімдемесін мұқият тыңдасақ, ол бірінші кезекте инфляцияны бәсеңдетсек, содан кейін базалық мөлшерлемені төмендетуге болады, деп айтқан. Ескеріңізде болар, жуырда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті, бірақ бұл уақытта «пойыздың алдына түсіп, жүгірмеу» маңызды. Жаздағы жанар-жағармай мен коммуналдық төлемдер бағасының өсуі, қызметтер мен тауарлар құнының қымбаттауына ықпал етері сөзсіз», – дейді экономист.

Оның пайымынша, базалық мөлшерлемені көтеріп, қайта төмендетіп, «қауіпті ойын ойнауға» болмайды. Бұлай істеп, Түркия сияқты оңбай опық жеп қалуымыз мүмкін.

«Базалық мөлшерлемені төмендетумен «ойнау», валюта бағамының күрт құлдырауы және бағаның өсуімен аяқталады. Бұған Түркиядағы жағдай жақсы мысал деп айтуға болады. Сондықтан Ұлттық банк популистердің сөзіне ермей, теңгерімді ақша-несие саясатын жалғастыруы қажет. Мұндай саясатты АҚШ пен Еуроаймақтың басқа реттеушілері де ұстанатынын есте ұстаған жөн», – деді сарапшы.

Ал қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев керісінше, базалық мөлшерлемені төмендетуге барлық алғышарт жасалғанын айтады. Оның пікірінше, бұл үдерісті былтырғы жылдың желтоқсанынан бастауға болар еді.

«Бізді қазір шынайы мөлшерлеме, инфляциядан базалық ставканы алсақ +3,5%-ға жуық. Қазір әлемде бұл көрсеткішті теріс аймақта ұстайды. Ол 0 немесе -2% шамасында. Бізде қазір мөлшерлемені төмендету үшін барлығы бар, сол арқылы Президент айтпақшы экономиканы ынталандыра аламыз», – деген сарапшы мұны популизм емес деп атады.

«Әлбетте мөлшерлемені 0% немесе -10%-ға төмендетуге болмайды. Бірақ инфляция баяулады, сондықтан экономиканы ынталандыру үшін көрсеткішті төмендетуге болады», – деді қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев.

Түсіндіре кететін бір жайт, қымбатшылық көрсеткіші – инфляция жоғарылаған сайын, бас банк оны қалыпқа келтіру үшін пайыздық мөлшерлемені көтеруге мәжбүр болады. Өйткені инфляция – бұл қазақстандықтардың сатып алу қабілетінің төмендеуіне әкеп соқтырады. Мұндай жағдайда реттеуші базалық мөлшерлемені жоғарылатып, нарықтағы несиелердің пайызын көтереді.

2023 жылғы шілдеде жылдық инфляция 14%-ды құрады. Әзірге оған жанармай мен коммуналдық қызмет бағасы ықпал еткен жоқ. Ал бұл бұл тұста Қазақстан қор биржасында (KASE) теңгенің АҚШ долларына шаққандағы орташа бағамы жұмамен салыстырғанда 0,7%-ға (3,13 теңгеге) әлсіреп, 1 доллар үшін 459,52 теңгені құрады.
1 қыркүйекте орташа сараланған бағам 1 долларға 456,39 теңге болған.

Kurs.kz мәліметтеріне сүйенсек, дәл қазір Алматының ақша айырбастау орындарында долларды орташа сатып алу – 458 теңге, сату – 461 теңге. Астананың ақша айырбастау орындарында АҚШ валютасы люта орта есеппен 458 теңгеден сатып алынып, 462 теңгеден сатылуда.

Еске сала кетсек, 25 тамызда Ұлттық банк соңғы үш жылда алғаш рет базалық мөлшерлемені төмендетті. Сыртқы факторлардың инфляцияға әсері біртіндеп төмендеп келеді. Бірақ жағдай алдыңғы болжамдық раундпен салыстырғанда қолайсыздау бола бастады. Көптеген елде бағалардың шарықтауы орталық банктер жүргізіп отырған саясат нәтижесінде баяулап отыр, деп мәлімдеген сол кездегі Ұлттық банк басшысы.


Айта кететіні, Еуропалық Одақта инфляция барынша баяу қарқынмен төмендеп, ал оның орнықты бөлігі жоғары қалпында қалды. Ресейде жоғары тұтынушылық сұраныс, рубль бағамының әлсіреуі және инфляциялық күтулердің артуы себебінен тұтынушылық инфляция жеделдей бастады. Қытайда экономикалық белсенділіктің ағымдағы төмен көрсеткіштері салдарынан дефляция байқалуда.